Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Айжан Аймағанова әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін «Электрондық қорғаныс аймағы» пилоттық жобасын әзірлеуді ұсынды. Депутат бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке жолдаған сауалында мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Депутаттың айтуынша, елімізде әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау бағытында бірқатар шара қабылданып, жауапкершілік күшейтілгенімен, қайғылы оқиғалар әлі де жалғасып келеді. Ол соңғы айларда қоғамды дүр сілкіндірген бірнеше оқиғаны мысалға келтіріп, қолданыстағы қорғау тетіктерінің тиімділігіне назар аударды.
«Соңғы бірнеше айдың өзінде қоғамды дүр сілкіндірген бірнеше оқиға болды. 13 шілдеде Абай облысында 20 жастағы Дильназ Жұмағұлова көптеген пышақ жарақатынан қаза тапты. 23 қыркүйекте Астанада екі баланың анасы Жазира Адауованы бұрынғы жұбайы өлтірді.
Осы орайда қолданыстағы қорғау тетіктері зорлық-зомбылық болғаннан кейін ғана әрекет етпей, қауіпті алдын ала анықтап, оның жолын кесуге қаншалықты мүмкіндік береді деген маңызды сұрақ туындайды. Оған қажетті құқықтық та, цифрлық та мүмкіндіктер бізде бар. Ендігі міндет – сол мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, қауіпті дер кезінде анықтау және адамның өмірі мен қауіпсіздігін қорғау», – деді Айжан Аймағанова.
Депутат жаңа әрі қымбат ақпараттық жүйе құрудың қажеті жоқ екенін атап өтті. Оның сөзінше, Қазақстанда профилактикалық есепке алу мен электрондық бақылаудың қажетті тетіктері қазірдің өзінде бар. Сондықтан оларды пайдалана отырып, жекелеген өңірлерде «Электрондық қорғаныс аймағы» пилоттық жобасын әзірлеп, сынақтан өткізу ұсынылды.
Депутат осы мәселеге байланысты ұсыныстарын айтты.
– Бірінші. Ішкі істер министрлігі жекелеген өңірлерде «Электрондық қорғаныс аймағы» пилоттық жобасын әзірлеп, сынақтан өткізу тиіс.
Екінші. Қауіп туралы сигнал түскен кезде полицияның нақты не істеуі керектігін белгілейтін бірыңғай міндетті алгоритм бекіту қажет.
Үшінші. Әрбір қауіп сигналы және сол бойынша қабылданған шаралар автоматты түрде цифрлық тіркеуге алынуға қажет. Бұл әрбір сигнал бойынша кімнің, қашан және қандай шара қабылдағанын нақты көруге мүмкіндік береді, – деді депутат.
Айжан Аймағанованың пікірінше, «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асырып, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолда бар құқықтық және цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, зорлық-зомбылық қаупін дер кезінде анықтау және оның алдын алу қажет.