ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы полиция полковнигі Жандос Сүйінбайдың айтуынша, биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша ұйымдастырушылық-практикалық және алдын алу шараларының арқасында негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Жыл басынан бері тіркелген интернет-алаяқтықтардың саны 21%-ға азайды. Қылмыстарды ашу көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29%-ға дейін өсті. Ал ашылмаған қылмыстық істер саны 12%-ға төмендеді», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Сонымен қатар, байланыс операторларымен бірлесіп алаяқтардың телекоммуникациялық инфрақұрылымды пайдалану мүмкіндіктеріне жүйелі түрде тосқауыл қойылып, терроризм актілері туралы көрінеу жалған мәліметтерді хабарлайтын адамдарды анықтау бойынша жұмыс жалғасуда.
Қазіргі уақытта азаматтардың дербес деректерін заңсыз жинағаны және таратқаны үшін жауапкершілік мәселесі өзекті болып отыр.
«Ағымдағы жылғы мамыр айында біз Чехия полициясымен бірлесіп Қазақстан азаматтарының дербес деректерін таратқан халықаралық арнаны жою бойынша сәтті арнайы операциясын жүргіздік. Аталған іс бойынша Усть-над-Лабем, Астана, Алматы, Қарағанды қалаларында 6 фигуранттың тұрғылықты мекен жайы бойынша тінту іс-шаралары жүргізілді, олардың барлығы – Қазақстан азаматтары. Қылмыстық схеманың 3 тікелей ұйымдастырушысы ұсталып, қамауға алынды. Тергеу жүргізілуде», – деді ведомство өкілі.
Қазақстанда интернет-алаяқтықтан зардап шеккен азаматтардың қаражатын қорғау және ұрланған ақшаның әрі қарай аударылуына жол бермеу мақсатында Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық Банктің Антифрод-орталығы арасында өзара іс-қимыл жүзеге асырылуда. Биылғы 9 айда 212 мың инцидент қалыптасты, оның 76 мыңнан астамына ішкі істер органдары бастамашылық етті.
«Нәтижесінде ақша аударушылардың шоттарындағы 4 млрд теңге, ал «дроптардың» шоттарындағы 1,5 млрд теңге ақшалай қаражат бұғатталды. Жәбірленушілерге өз еркімен 617 млн теңге қайтарылды. Бұл нәтижелер құқық қорғау органдары мен қаржы секторы арасында жедел ақпарат алмасудың маңыздылығын көрсетеді, іс-қимыл жылдамдығы азаматтардың ақшасын сақтау мен қайтару мүмкіндігіне тікелей әсер етеді», – деді ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы полиция полковнигі Жандос Сүйінбай ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.