2026 жылдың 22 қазанында Астанада отандық қолөнерді қолдауға және дамытуға бағытталған «Sheber» цифрлық платформасының ресми таныстырылымы өтеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Sheber» платформасы – Қазақстанның қолөнер өндірісі мен кәдесый индустриясының бірыңғай экожүйесін қалыптастыратын бірегей цифрлық шешім. Жоба отандық шеберлердің өнімдерін ішкі және сыртқы нарықтарда ілгерілетуге, сондай-ақ сатып алушылармен, ірі сауда желілерімен және әлеуетті серіктестермен тікелей байланыс орнатуына мүмкіндік береді.
Бастама ұлттық мәдени мұраны дәріптеу мен цифрландыруды ғана емес, сонымен бірге креативті экономиканы жандандыруды, қолөнершілердің табысын арттырып, олардың үлкен нарыққа шығуына жағдай жасауды көздейді.
Қабылдау үйінде өтетін таныстырылымға мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпустың, даму институттарының, іскерлік қауымдастықтардың, сауда желілерінің өкілдері және еліміздің барлық өңірінен келген қолөнершілер қатысады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.