Ұлттық жоба аясында 2026 жылы жаңғырту көлемі екі еседен астам өсті

Қазіргі кезде 144 жоба бойынша жалпы 473,5 млрд теңгеге қаржыландыру келісімдеріне қол қойылған. 

Елімізде ауқымды «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы іске қосылған алғашқы жылдың өзінде-ақ 547 млрд теңге инвестиция тартылып, 6 659 шақырым желі жаңартылды. Қаржыландыруды 40 монополист алды, оның сегізі тозу деңгейі 70 пайыздан асатын «қызыл аймақтан» шықты. Бұл туралы Астанада өткен «Power Trends» форумында Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Оның айтуынша, Ұлттық жоба аясында 2026 жылы жаңғырту көлемі 2,2 есе өсті. Жаңғыртуға 1,2 трлн теңге бағытталып, жаңартылатын желілердің ұзындығы 12 мың шақырымға жетеді – бұл өткен жылдан екі есе көп. Жоспар бойынша тағы сегіз монополист «қызыл аймақтан» шығады, ал орташа тозу деңгейі 2-3 пайыздық тармаққа төмендейді.

Ұлттық жоба аясында қаражат қалай бөлінген?

1,2 трлн теңгенің 449 млрд теңгесі электрмен жабдықтауға, 393 млрд теңгесі жылумен жабдықтауға, 221 млрд теңгесі сумен жабдықтауға, 156 млрд теңгесі су бұруға жұмсалады. Қаржыландыру моделінің басты ерекшелігі – қаражаттың төрттен үш бөлігі бюджеттен тыс, яғни қарыз қаражаты есебінен түседі. Модель қайтарымды болғандықтан, оны бюджетке қосымша жүктеме салмай көбейтуге болады.

Қазіргі кезде 144 жоба бойынша жалпы 473,5 млрд теңгеге қаржыландыру келісімдеріне қол қойылған. Негізгі арна – «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» арқылы әкімдіктердің бағалы қағаздарын сатып алу (271,7 млрд теңге, яғни 57 пайыз), ЕҚДБ – 108,4 млрд теңге, екінші деңгейдегі банктер – 62,2 млрд теңге, Қазақстан Даму Банкі – 31,2 млрд теңге бөлген. Тағы 202 жоба бойынша 412,3 млрд теңге қаржыландыру жұмыс үстінде.

2026 жылғы жобалардың барысы

Платформада іске асыруға 294 жоба (368 млрд теңге) дайын тұр, олардың 259-ы бойынша, яғни 88 пайызында EPC-келісімшартқа қол қойылған. 203 нысанда жұмыс басталған, ал 17 нысан 32,9 млрд теңгеге толық аяқталған.

Тұтынушы мүддесі қорғалған

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің мәліметінше, тарифке тек қарызды қайтару мен 10 пайызға дейінгі сыйақы ғана енгізіледі, ал одан артық шығынды мемлекет субсидиялайды. Әрбір тарифтік өзгеріс шығын сараптамасынан өтіп, қоғамдық тыңдаудан өтеді. Коммуналдық қызметке жұмсалатын шығыны табысының 5-10 пайызынан асатын отбасылар тұрғын үй көмегін алады.

Жаңартылған нысандар

Жалпы 17 жоба, 32,9 млрд теңгеге, толық аяқталды – қаржыландырудан бастап, платформадағы конкурстан өтіп, құрылыс пен пайдалануға беруге дейінгі толық циклден өтті, ал конкурс нәтижесінде шамамен 975 млн теңге үнемделді. Солардың қатарында: Павлодар облысында жеті жоба (16,7 млрд теңге) – Павлодардағы ЖМ-20А жылу магистралі, Аксудағы Ленин және Астана көшелеріндегі жылу желілері, Екібастұздағы төрт жылу магистралі; Қарағанды облысында 8,4 млрд теңгеге Мичурин көшесіндегі №3 және Амангелді көшесіндегі №2а жылу магистральдары; Батыс Қазақстан облысында 4,2 млрд теңгеге Оралдағы ЖМ-6 және ЖМ-7 жылу магистральдары; Түркістан облысында 31 нысанда 0,4 кВ өздігінен тартылатын сыммен желілер; Шымкентте 35 кВ «Қайтпас» желісі; Солтүстік Қазақстан облысында Тайыншадағы жылу трассасы; Астанада 20-10-0,4 кВ тарату желілерінің төртінші кезеңі; Жетісу облысында Текеліде қуаты 24 мегаватт екі газ турбиналық қондырғы іске қосылды.

Орындалған көлемнің жартысы Павлодар облысына тиесілі – бұл әкімдік пен монополист үйлесімді жұмыс істеген жерде нәтиже кідірмейтінін көрсетеді, басқа өңірлерге осы тәжірибені үйрену ұсынылады.

«Біз байланыс желілерін ондаған жылға жететіндей қылып саламыз, сондықтан сапаға ешқандай жеңілдік болмайды. Мердігерлер жұмысты созбай, кестесімен әрі сапалы істейді деп сенеміз. Ал монополистер әрбір нысанды бастан-аяқ техникалық бақылауда ұстап, жұмысты тек арнайы сараптама қорытындысы болғанда ғана қабылдауы керек», – деді Тимур Қосымбаев.

Алдағы міндеттер

 Жаңғырту қарқынын сақтау үшін монополистер мен әкімдіктер әрбір кәсіпорынның жұмыс кестесін тұрақты бақылауда ұстауы, ал мердігерлер құрылыс-монтаж жұмыстарын маусым аяқталғанға дейін жеделдетуі тиіс. «Бәйтерек» холдингі, банктер мен әкімдіктерден 412 млрд теңгеге 202 жоба бойынша келісімдерге қол қоюды жеделдету күтілуде. Мердігер табылмаған жобалар бойынша конкурстарды аяқтап, техникалық қадағалауды әрбір нысанда қамтамасыз ету қажет.

Тимур Қосымбаевтың айтуынша, тапсырыс берушілер мен мердігерлер отандық өндірушілердің өнімін платформа арқылы сатып алуы, импортқа жүгінбес бұрын 700-ден астам кәсіпорын мен 18 мыңға жуық тауар позициясын қамтитын Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне жүгінуі тиіс. Өндірушілерге офтейк-келісімшарттарға белсенді шығу ұсынылады – бұл зауытқа тұрақты жүктеме, ал жобаға жеткізу кепілдігін береді.