Жақында, нақтырақ айтсақ 15 қазан күні Әзербайжанның Баку қаласында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК) VII саммиті аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен және Израиль Президенті Ицхак Герцогпен кездескен болатын.
Қазақстан үшін бейбітшілікті қолдау және барлық тараптармен диалогты сақтау маңызды
Қатар Әмірімен кездесуде Қазақстан мен Қатар арасындағы көпжақты серіктестікті нығайту, бірлескен инвестициялық және энергетикалық жобаларды жүзеге асыру перспективалары талқыланды. Саясаттанушы, демограф-сарапшы, мемлекеттік саясат, әлеуметтік саясат және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі маманы Найла Мұхтарова мұндай келісімнің ел экономикасын көтеріп қана қоймай, елдегі технологияның дамуына мүмкіндік беретінін жеткізді.
– Менің ойымша, Катар және Израильмен байланыс Қазақстанға жаңа инвестициялар тартуға, экономика мен технологияны дамытуға мүмкіндік береді. Катармен энергетика саласында, ал Израильмен ауыл шаруашылығы мен инновациялар бағытында ынтымақтастықтың әлеуеті зор, – деді ол.
Соның ішінде Таяу Шығыстағы ахуал мәселесі қозғалып, Израиль президентімен кездесуде де бұл талқыланды. Десе де Қасым-Жомарт Тоқаев шиеленісті бәсеңдету және қақтығыстарды дипломатиялық жолмен шешу қажеттігін атады.
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Найла Мұхтарова мұндай келіссөздердің нақты нәтижелер әкелуі тиіс деп санайды.
– Бірақ Таяу Шығыстағы жағдайды да ескеруіміз керек. Қазақстан үшін екіжақты қарым-қатынасты дамытумен қатар, бейбітшілікті қолдау және барлық тараптармен диалогты сақтау маңызды. Ең бастысы – келіссөздер нақты нәтижелерге әкелуі тиіс, – дейді Найла Мұхтарова.
Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның күн тәртібі аясында Арменияның Ереван қаласында өткен СОР17 биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі көшбасшылар саммитіне қатысуының өзі үлкен мәнге ие. Саясаттанушы, «Тұран» университеті Халықаралық қатынастар және дипломатия жоғары мектебінің директоры Нұрболат Нышанбайдың айтуынша, Қазақстан Президенті бұл саммитке қатысып қана қоймай, үлкен мәселе көтерген. Соның қай-қайсысы қызу талқыланып, қолдау тапқан.
– Меніңше, кез келген мәселе, мейлі экология болсын уақытында шешілмесе мемлекетті қатығысқа әкелетін де немесе басын қосатын да сол. Бұған дейін де жер, тау, өзен-көл үшін қаншама соғыс болғанын тарихтан білеміз. Сондықтан Мемлекет басшысы көрегенділік танытып, су ресурсына таласу әркеттері болдырмау мақсатта әрі мемлекеттер арасында түсініспеушілік туындамас үшін су дипломатиясын ерекше назарға алған. Сонымен қатар, Президент экологиялық жобаларды жаһандық құндылық, мүдде тұрғысынан қарау керегін көтерді. Әсіресе, біз Орталық Азия елінің бірі ретінде әрі теңізге тікелей шыға алмайтындықтан трансшекаралық өзендердің статусын көтерді. Мысалы, Іле, Ертіс, Сырдария өзендерінің бастауы басқа елден алынғандықтан трансшекаралық, яғни су мәселе бізді біріктіру керек дегенді меңзеп отыр. Бұл – бір. Екіншіден, су дипломатиясы жайлы мәлімдеме жасап қана қоймай, Алматы қаласында БҰҰ-ның арнайы сол мәселені зерттейтін орталығын ашуды ұсынды, – деді саясаттанушы Нұрболат Нышанбай.
«Таза Қазақстан» және экологиялық мәдениет
Сарапшы СОР17 биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі көшбасшылар саммиті экология саналуындықты сақтау бойынша елдердің нақты әрекетке көшкенін көрсетті деп санайды.
Оның пікірінше, осыған дейін СОР саммиттерінде негізінен биоалуандылық, жалпы экологияның ластануы мәселелері ғана айтылса, осы жолғыда алғаш рет мемлекеттер бірлесіп, жұмыс істеуге кірісті. Тіпті, осыған дейін істелген жобалардың сәтсіздігін де ашық айтылған.
– Одан бөлек жасыл дипломатия ұстанымыздың бірізділігінің бір дәлелі. Аваз қаласында, Түркіменстанда Арменияға дейін Каспий теңізінің жағасындағы бес мемлекеттің де ортақ конвециясы қабылданды. Ол құжатта да Каспий теңізінің биоалуындығы сақтау бойынша алғаш рет бес мемлекет бірлесіп, 2006-2036 жылға жұмыс жоспарын да бекітті, – деді ол.
Сонымен қатар, COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитінде сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жер көлемі бойынша әлемде 9-орын алатын бірегей биоалуантүрлілігімен ерекшеленетінін қозғады.
– Табиғат байлығын сақтау экономикалық өрлеумен қатар жүруі керек екеніне сенімдіміз. "Таза Қазақстан" қарапайым экологиялық тазалық ауқымынан шығып, жалпыұлттық акциясы осы құндылықтарды арқау еткен. Бұл азаматтардың дүниетанымы мен өмір салтына ықпал ететін жалпыұлттық идеологияға айналып келе жатқаны қуантады, – деді Президент.
Мемлекет басшысының бұл ойын «Әділет» партиясы жастар қанатының Абай облыстық филиалы төрағасы Темірлан Бақтияров қуаттады.
Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» – қоршаған ортаны қорғауға ғана емес, қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Бүгінде бұл жобаның жалпыұлттық деңгейге көтерілуі халықтың, әсіресе жастардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
– «Таза Қазақстан» жобасының жалпыұлттық сипатқа ие болуы қоғамда ортақ жауапкершілік пен азаматтық белсенділіктің артып келе жатқанын көрсетеді. Ең бастысы, бұл бастама тұрақты түрде жалғасып, жастардың экологиялық мәдениеті мен елге деген жанашырлығын нығайта берсе дейміз. Себебі таза орта – келер ұрпаққа қалдыратын ортақ мұрамыз.
Бұл бағытта жастар қанаты да белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Атап айтқанда, «Road-эстафета» секілді бастамалар арқылы тазалық мәдениетін насихаттап, тұрғындарды қоршаған ортаны таза ұстауға шақырамыз. Сонымен қатар, жастардың қатысуымен сенбіліктер, абаттандыру жұмыстары мен түрлі экологиялық акциялар ұйымдастырылып келеді. Абай облысында да жастар туған жердің тазалығын сақтауға және қоғамдық орындарға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға өз үлесін қосып жатыр, – деді Темірлан Бақтияров.
Қазақстанның халықаралық әріптестігінің нәтижелерін бағалауда дипломатиялық кездесулер мен мәлімдемелер ғана емес, олардың нақты экономикалық және саяси нәтижелері, іске асырылған жобалар мен ұзақмерзімді ынтымақтастықтың келешегі де маңызды. Сондықтан негізгі міндет – қалыптасқан байланыстардың ел дамуына қосатын үлесін айқындап, алдағы кезеңдегі басым бағыттарды саралау.