Қазақстанда апатты және тозығы жеткен 4 384 көппәтерлі тұрғын үй бар. 2029 жылға дейін олардың орнына 11 319 пәтер салу жоспарланғанымен, бұл қоныс аударуды қажет ететін меншік иелерінің 42 пайызын ғана қамтиды. Осыған байланысты «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Әмірбек Оспанбеков Үкімет басшысы Олжас Бектеновке реновациялау бағдарламаларын іске асыруды жеделдету жөнінде сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Депутат жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сүйеніп, Қазақстанда 61 367 көппәтерлі тұрғын үй барын айтты. Оның ішінде 1 037 үй апатты жағдайда болса, 3 347-сінің тозығы жеткен. Бұл үйлерде тұратын шамамен 26 972 тұрғын апатты үйден көшірілуі қажет.
Соңғы үш жылда тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында өңірлерде апатты және тозығы жеткен 352 тұрғын үй бұзылып, 200 көппәтерлі тұрғын үй салынған. Депутат бұл көрсеткіш республикадағы жалпы тұрғын үй қорының 0,3 пайызын құрайтынын атап өтті.
«2029 жылға қарай әкімдіктер апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлердің орнына 895 көппәтерлі тұрғын үй немесе 11 319 пәтер беруді жоспарлап отыр. Бұл қоныс аударуға жататын меншік иелерінің жалпы санының 42 пайызын ғана құрайды. Алайда 15 653 меншік иесі апатты және тозығы жеткен үйлерде қалып қоюы мүмкін. Мұндай баспаналарда өрт қаупі жоғары, ал тілсіз жау адамдардың, әсіресе балалардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіреді», – деді Әмірбек Оспанбеков.
Депутаттың айтуынша, өңірлердегі реновациялау жоспарларының орындалу деңгейі біркелкі емес. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында 334 апатты және тозығы жеткен үйдің ішінен тек үш үйдің меншік иелерін жаңа баспанаға көшіру жоспарланған. Бұл өңірдегі қажеттіліктің шамамен 1 пайызына тең. Ал Ақмола, Қарағанды, Алматы, Ұлытау, Абай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары мен Алматы қаласында жоспарланған жаңарту көлемі 2–19 пайыз аралығында.
Сауалда Астана қаласы, Жамбыл және Павлодар облыстарының әкімдіктері 2029 жылға қарай мәселені шешуді жоспарлап отырғаны айтылған. Оны жүзеге асыру үшін жергілікті бюджет қаражаты мен жеке инвесторларды тарту көзделген.
Осы ретте Әмірбек Оспанбеков реновациялау бағдарламаларын іске асыруды жандандыру үшін Үкіметке нақты ұсыныстарын жолдады:
- Республика бойынша реновациялау жобаларының тиімді орындалуын бақылау мақсатында Үкімет жанынан Құрылтай депутаттары және өңірлер әкімдерінің тікелей қатысуымен арнайы Комиссия құруды қарастыру.
- Қазақстан Республикасы Үкіметі нақты орындау мерзімдерін көрсете отырып, республиканың барлық өңірлері бойынша апатты және тозығы жеткен тұрғын үйдің әрбір меншік иесін көшіру бойынша Бірыңғай жол картасын құру мәселесін шешу.
- Реновациялау бағдарламаларының тиімділігін бағалау көрсеткішін барлық деңгейдегі әкімдердің жұмыс сапасын бағалау рейтингіне енгізу.