Түркістан облысында әсерлі кадр түсіреміз деп жол ережесін бұзғандар жауапқа тартылды

Жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі дронға түсірілген.

Түркістанда полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында қозғалыстағы автокөліктің төбесіне мініп, бейнетүсірілім жасаған ер азаматтың видеосын байқаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Аталған дерек бойынша полицейлер тексеру жүргізіп, оқиғаның Сайрам ауданында болғанын анықтады. Жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі дронға түсірілген.

Нәтижесінде ВАЗ автокөліктің 22 жастағы жүргізушісі мен 30 жастағы жолаушысына қатысты жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік шаралар қолданылды. Көлік арнайы тұраққа қойылды.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері оқиғаға қатысушылармен профилактикалық әңгіме жүргізіп, оларға заң талаптары мен жол қозғалысы ережелерін сақтамаудың салдарын түсіндірді.

Полиция әлеуметтік желіге әсерлі кадр түсіруге деген ұмтылыс адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеуі керек екенін ескертеді. Мұндай әрекеттер жол-көлік оқиғасына әкеліп, орны толмас зардаптарға себеп болуы мүмкін.