Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Отырыста Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов Қарулы Күштерді жаңғырту жоспары туралы баяндады. Бұл туралы Ақорда жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қарулы Күштердің жаңа ақпараттық-коммуникациялық стратегиясын қабылдау, сондай-ақ Конституциядағы «Заң мен тәртіп» қағидатына сай тәрбие жұмыстарының сапасын арттыру реформаның маңызды бағыттарының бірі болмақ.
Аталған шаралар әскер қатарындағы тәртіп пен қоғамның армияға деген сенімін нығайтуға бағытталған.
Жоспарда көзделген ұйымдастыру шаралары осы жылдың соңына дейін, ал негізгі тұжырымдамалық шаралар келесі жылы іске асырылады.
Жиын барысында Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Қорғаныс министрлігінің қызметін кешенді тексеру жөніндегі комиссияның жұмысын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.
Президент әскери қауіпсіздік бүкіл мемлекетке ортақ міндет екенін, сондықтан барлық мүдделі органнан үйлесімді жұмыс істеу талап етілетінін ескертті.
Отырыс қорытындысы бойынша Әскери реформа жоспары мақұлданды.
Мемлекет басшысы жоспарланған өзгерістерді уақтылы әрі толық жүзеге асыру өте маңызды екенін атап өтті.
Жоспардың орындалуын үйлестіру міндеті Үкімет пен Қауіпсіздік Кеңесіне жүктеледі.