Тәуелсіздікке бастар жол

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде «Республика күні – Тәуелсіздікке бастар жол» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – жастардың тарихи танымын кеңейту, азаматтық жауапкер­шілігін арттыру және ұлттық құндылықтарға құр­метін қалыптастыру. Іс-шараны Пайдалы қазбалар кен орындарын өндіру кафедрасының қауымдас­тырылған профессоры (доцент), PhD Гүлзат Жүніс ГД-26-1 кураторлық тобымен бірлесіп ұйымдас­тырды. Кездесу барысында Қазақстан мемлекет­тілігінің қалыптасу тарихы, Республика күнінің тарихи маңызы, мемлекеттік рәміздердің мәні және ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелері талқы­ланды. Атап айтқанда, 1990 жылғы 25 қазанда қа­был­данған Мемлекеттік егемендік туралы декла­рация­ның ел тарихындағы орнына ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар студенттерге Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұранның қабылдану тарихы мен олардың авторлары туралы мәліметтер берілді. Қа­зақ халқының қоғамдық-саяси және мәдени дамуы­на елеулі үлес қосқан Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлының тарихи мұрасы да сөз болды.

Іс-шара студенттердің ел тарихы туралы білімін толықтырып, Республика күнінің мәні мен маңы­зын тереңірек түсінуіне ықпал етті.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ