Шағынаудандардың ішін айтпағанның өзінде қазір саябақтар мен демалыс орындарындағы қоқыстан аяқ алып жүре алмайсың. Апта сайын сенбілік өткізіліп, сала мамандарын жұмылдырып жатқанымызбен одан айтарлықтай нәрсе өзгермеуде. Шенділер жалаулатқан жобалардан пайда шамалы екенін түсінді ме, әлде тазалыққа шындап кірісті ме, әйтеуір биылғы 1 шілдеден бастап Тараз қаласында «Үлгілік қағида» қабылданып, тазалық сақтамаған тұрғындарға жаппай айыппұл салу басталды.
Мәселен, Әулиеата ауданында есепті кезеңде 156 азаматқа 13 млн 494 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.
– Аудан аумағында санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, көшелер мен аулалардың тазалығын сақтау бағытында тұрақты түрде зерделеу және тазалау жұмыстары жүргізілуде. Зерделеу барысында анықталған тұрмыстық қатты қалдықтар үйінділері, құрылыс және басқа да материалдардың ретсіз жиналуы, қураған шөптер мен ағаш бұтақтары бойынша тиісті мекемелерге тапсырмалар беріліп, оларды жою және аумақтарды ретке келтіру жұмыстары ұйымдастырылуда.
Аудан аумағында саябақтар, скверлер күнделікті тазаланып, шағынаудандардағы 40 шақырым арық жүйесі, 260 шақырымға жуық қала көшелері, 290 мың шаршы метр аумақты қамтитын саябақтар мен қоғамдық орындар тазаланды. Аудан аумағында бейберекет жиналған қоқыстар күнделікті техникамен және кәсіпорындардың демеушілігімен бөлінген техникалар көмегімен үйілген қоқыстар шығарылуда.
Жыл басынан бері ауданның аумағынан 5 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Ғарыштық мониторинг нәтижесінде анықталған 15 стихиялық қоқыс орны толық жойылып, 1 мың тоннадан астам қалдық арнайы полигонға шығарылды.
Сонымен қатар аудан аумағында санитарлық тазалықты қамтамасыз ету мақсатында 17 сенбілік ұйымдастырылып, нәтижесінде 200 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Аумақтық бас инспекторлар учаскелік полицейлермен бірлесіп, көшелер мен қоғамдық орындарда бейберекет қоқыс тастаған, абаттандыру қағидаларын бұзған тұлғаларға, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 505-бабымен 563 әкімшілік хаттама толтырылып, 407 тұлғаға ескерту берілді. Сондай-ақ 156 тұлғаға 13 млн 494 мың теңге көлемінде айыппұл салынды, – дейді Әулиеата ауданының әкімі Барлық Төреханов.
Аудан аумағындағы дүңгіршектерді ретке келтіру және заңсыз сауданың алдын алу бойынша да тиісті шаралар қабылдануда. Айталық, ауданда орналасқан 210 дүңгіршектің 30-ы биылғы жылдың қыркүйек айына дейін бұзып алынған.
Сонымен қатар заңсыз саудаға жол бермеу мақсатында «Мыңбұлақ», «Салтанат» шағынаудандарында, Байзақ батыр, Т.Рысқұлов, Жамбыл даңғылы мен Рысбек батыр көшелерінде, сондай-ақ «Қайқармет» базарының аумағында рейдтік жұмыстар жүргізілген. Нәтижесінде, заңсыз сауда жасаған кәсіпкерлерге қатысты 30 әкімшілік хаттама толтырылып, 12 кәсіпкерге айыппұл салынып, 18 азаматқа ескерту берілген. Салынған айыппұлдың сомасы 259 500 теңгені құраған.
Мұндай жұмыстар Жібек жолы ауданында да қарқын алуда. 1 қыркүйектен бастап аудан әкімінің өкімімен абаттандырудың Үлгілік қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Топ мүшелері аудан аумағындағы нысандарды аралап, анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті шаралар қабылдауда.
– Жалпы 5 165 нысан тексеріліп, 145 бұзушылық анықталды. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша 136 ескерту берілді. Ал 434-2-баптың 2-бөлігі, 464-2-баптың 1-бөлігі және 408-бап бойынша 8 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 105 510 теңге айыппұл салынды. Ендігі кезекте ескерту берілген 136 нысанға қазан айында қайта зерделеу жүргізу жоспарланған. Егер белгіленген талаптар орындалмаса, заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қабылданады. Жыл басынан бері аудан бойынша әкімшілік шаралар аясында 1 949 хаттама рәсімделіп, оның ішінде 241 айыппұл салынды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 6 миллион 430 мың 486 теңгені құрады. Бұл көрсеткіштер санитариялық тазалық талаптарының сақталуын бақылаудың маңыздылығын көрсетеді, – дейді Жібек жолы ауданының әкімі Қарлығаш Аралбекова.
Жібек жолы ауданы аумағындағы өзекті мәселенің бірі – «Атакент» таунхаустары маңында пайда болған құрылыс қалдықтарының бейберекет үйіндісі. Бұл мәселені шешу мақсатында жер иелері мен құрылыс салушылардың қатысуымен кездесу өткізіліп, аудан әкімі тарапынан нақты тапсырмалар берілген.
Аудан басшылығының ұстанымы бойынша, тазалық жұмыстары нақты нәтижемен аяқталып, қол жеткізілген тәртіптің сақталуы қамтамасыз етілуі қажет. Сондықтан бейберекет қоқыс орындарын жоюмен қатар, олардың қайта пайда болуына жол бермеу мәселесіне де басымдық беріліп отыр.
– Жібек жолы ауданының бес округінде барлығы 68 қоқыс алаңшасы және 499 қоқыс жәшігі орнатылған. Оның ішінде бірінші округте 47 қоқыс алаңшасы мен 425 жәшік, үшінші округте 9 алаңша мен 27 жәшік, төртінші округте 6 алаңша мен 23 жәшік, бесінші округте 6 алаңша мен 24 жәшік бар.
Екінші округте тұрғын үйлердің алдынан қаптарға жиналған қоқысты мердігер ұйым аптасына екі рет жинайды. Бұл жұмыстар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бекіткен кестеге сәйкес жүзеге асырылады. Қоқыс алаңшаларына ағымдағы жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Биыл аудан бойынша 30-ға жуық қоқыс алаңшасы жөнделіп, олардың барлығындағы қоқыс жәшіктері жаңартылды, – дейді Жібек жолы ауданының әкімі.
Міне, осылайша Тараз қаласында тазалық сақтамағандармен күрес мықтап қолға алынуда. Бұрнағы кезі әкімдіктегілер ескерту берумен шектелсе, енді жаза басқандарға миллиондаған айыппұл салынып, жаппай жазалануда. Жаңа «Үлгілік қағидаға» жұртшылықтың көзқарасы әрқилы. Біреулер қатаң жаза болмаса, тазалық сақталмайтынын айтса, екіншілер «онсыз да қиналып жүрген халықты енді қоқыспен қинаған дұрыс емес» деп ішкі наздарын білдіруде.
Қалай дегенде де «Үлгілік қағида» қабылданды. Енді оның нәтижесі қандай боларын уақыт көрсете жатар. Егер қағида қаланы мұнтаздай таза қылса, онда жоба жемісін берді деген сөз. Негізі мұндай жоба бір жылдары Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласында жанданған екен. Білетін бұқара осы күнге дейін сол жоба үшін әкімге алғысын айтатын көрінеді. Кім біледі, бәлкім, бізде де жоба жүйесін тауып, көне шаһардың келбеті де өзгеріп қалар.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы