Болашақтың бағдарына айналған ресурс

Батыс Қазақстанда ауыл шаруашылығының болашағы су ресурстарына тәуелді.

Жайық өзені ағынының құбылуы, трансшекаралық су көздеріне тәуелділік және суды ұтымды пайдалану талаптарының артуы жағдайында өңірде су қоймалары мен каналдар жаңартылуда, заманауи суару жүйелері енгізіліп, судың жұмсалуына бақылау күшейтілуде. Өңірге қанша су келеді, оның қаншасын сақтап қалуға мүмкіндік бар және тұрғындар мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер су тапшылығының зардабын сезінбеуі үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

2026 жылдың басынан бері Жайық өзе­нінің ағыны 5,76 млрд текше метрді құра­ды. Салыстыру үшін айтар болсақ, 2025 жылы бұл көрсеткіш жыл бойына 8,8 млрд текше метрге жетсе, 2024 жылы 17,1 млрд текше метр болған. Соңғы жыл­дар­дағы көрсеткіштердің айырмашылығы өзен­нің су мөлшері айтарлықтай құбы­ла­ты­нын көрсетеді.

– Батыс Қазақстан облысында 2026 жыл­ға белгіленген су пайдаланудың рұқ­сат етілген көлемі 785 млн текше метрді құрайды. Бірінші жартыжылдықта нақты 444,6 млн текше метр су алынған, оның ішін­де 34,7 млн текше метр ауыл шаруа­шы­лығы қажеттіліктеріне жұмсалды. Биыл алғаш рет су пайдаланудың рұқсат етілген көлемі құрылымында балық ша-р­уа­шылығына 7 млн текше метр су жеке қа­растырылды. Су бөлу жоспарын әзірлеу ке­зінде әртүрлі салалардың қажеттіліктері мен қолда бар су көлемі ескеріледі, – деді Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы бас­шысының орынбасары Қанат Өтеге­нов.

Облыстың оңтүстік аудандарын сумен қам­тамасыз ету үшін Жайық-Көшім суа­ру-суландыру жүйесі пайдаланылады. Ол лимандық суару алқаптарына су жеткізуге және жайылымдарды суландыруға мүм­кін­дік береді.

– Жыл басынан бері жүйеге 539 млн тек­ше метр су келіп түсті. Көктемде бұл су ­лимандық суару жерлерін суаруға және жайылымдарды суландыруға пайда­ла­нылды. Қазіргі уақытта су қоймаларының то­лымдылығы 53,5%-ды құрайды. Еділ өзе­­ні қосымша су көзі болып қала береді. 1 қазандағы жағдай бойынша Ресейден өңір­ге нақты 91 млн текше метр су келіп түсті. Оның 67 млн текше метрі Үлкен және Кіші Өзен өзендеріне, ал қалған 24 млн текше метрі Жәнібек суару-сулан­дыру жүйесіне бағытталды. Транс­ше­кара­лық су көздерінен келетін судың маңызы ерек­ше. Әсіресе суды уақытылы жеткізу мен жайылымдарды суландыру шаруа­шы­лықтардың жұмысына тікелей әсер ете­тін ауылдық аумақтар үшін бұл аса маңыз­ды, – деп атап өтті «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы дирек­то­рының міндетін атқарушы Данияр Халин.

Мамандардың айтуынша, заманауи суару жүйелерін енгізу судың шығынын азай­туға мүмкіндік береді. 2026 жылға ар­налған 1,1 мың гектарлық жоспар то­лық орындалды: жаңбырлатып суару қон­дырғылары 1,06 мың гектарға, там­шы­латып суару жүйелері 30 гектарға ен­гі­зілді. Жалпы алғанда, су үнемдеу тех­но­логиялары нақты суарылатын 13,2 мың гек­тар жердің 12,8 мың гектарында қол­да­нылады. Бұл – жалпы аумақтың ша­ма­мен 97%-ы. Жаңбырлатып және там­шы­ла­тып суару әдістері судың берілуін дә­лі­рек реттеуге мүмкіндік береді. Дегенмен бұл технологиялардың нақты тиімділігі олар­дың қолданылатын аумағымен ғана емес, су тұтынудың іс жүзінде қаншалықты азай­ғанымен де өлшенеді.

«Қазсушар» Батыс Қазақстан фи­лиа­лы­ның теңгерімінде 110 гидротехникалық ны­сан бар. Олардың қатарында жалпы сыйым­дылығы 507,8 млн текше метр бо­ла­тын 14 су қоймасы және жалпы ұзын­ды­ғы 1 808,16 шақырымды құрайтын 55 ка­нал бар. Сондай-ақ инфрақұрылым құра­мына бір бөгет, төрт гидроторап, 34 ли­ман және екі сорғы стансасы кіреді.

– Былтыр облыстың коммуналдық мен­шігінен кәсіпорынға жалпы ұзындығы 705,7 шақырым болатын 35 канал және жал­пы ауданы 51,3 мың гектарды құрай­тын 17 лимандық суару учаскесі берілді. Со­нымен қатар Барбастау өзеніндегі По­ка­тиловка, Ұзынкөл, Жаңаөмір және Ке­мер ауылдары маңында орналасқан төрт су қоймасын республикалық мен­шік­ке беру жұмыстары аяқталды. Нысан­дар­мен бірге оларды реконструкциялауға арналған жобалық-сметалық құжаттама да тапсырылды. Аяқталған жұмыстардың қа­тарында Киров су қоймасын ре­конс­трук­­циялау және Мамаев гидроторабына күр­делі жөндеу жүргізу бар. Жәнібек ма­гистралды каналын реконструкциялау жал­ғасуда, ал Жайықбай каналында жұ­мыс­тар басталды, – деді Данияр Халин.

Тағы бір жоба Жалпақтал су қоймасын салу­ды көздейді. Жобаның құны – 8,2 млрд теңге. Жоба мемлекеттік сарапта­ма­ның оң қорытындысын алды. Қазіргі уа­қыт­та мердігерді анықтау үшін конкурс­тық рәсімдер жүргізілуде. Ал Сексенбай су қоймасы жобасы бойынша бұған дейін мем­­лекеттік сараптаманың теріс қоры­тын­дысы алынған.

Каналдарды механикаландырылған әдіс­пен тазарту жұмыстары да жалғасуда. 2026 жылы 297 шақырым канал тазарту жос­парланған. Қазіргі уақытта 145 ша­қы­рымдағы жұмыстар аяқталды. Биыл жөн­деу жоспарланған 28 гидротехникалық ны­санның 11-інде жұмыс толық аяқталды.

Сонымен қатар елді мекендерді су басу қаупі бар өзен учаскелерін санациялау жұмыстары жүргізілуде. Жобалардың бірі Тас­қала ауылы маңындағы Деркөл өзе­ні­нің арнасын кеңейтуді көздейді. Ұзын­ды­ғы жеті шақырым болатын учаскені тазар­ту жоспарланған. Жұмыстардың құны 622 млн теңгені құрайды, оның 435 млн тең­ге­сі республикалық бюджеттен бөлінді. Бөр­лі ауданында Утва өзенінің 11 шақы­рым­дық учаскесін тазарту жобасы әзір­лен­ді.

Көшім каналында және Шаған өзе­ні­нің тармағында да жұмыстар жүргізілуде. Олар механикаландырылған тазарту, же­келеген учаскелерді кеңейту және өзен тү­бін тереңдету жұмыстарын қамтиды. Бас­сейндік инспекцияның мәліметінше, ны­сандарда батиметриялық түсірілімдер аяқ­талып, гидробекетке арналған ұзын­ды­ғы 340 метрлік айналма канал салынды. Бұ­дан бөлек, суды есепке алудың авто­мат­тандырылған жүйесін орнатуға дайын­дық жүргізілуде.

Қанат Өтегеновтің мәліметінше, об­лыс­та арнайы су пайдалануға рұқсат ал­май су пайдалану бойынша 31 заң­бұзу­шы­лық анықталған. Жалпы сомасы 4,43 млн теңге айыппұл салынды. «Қазсушар» филиалы өз нысандарында суды заңсыз пай­даланудың 14 дерегін анықтағанын ха­барлады. Оның тоғызы Ақжайық ау­да­нында, біреуі Жәнібек ауданында, төртеуі Орал қаласында тіркелген. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 2,5 млн тең­гені құрады.

Өңірдің су шаруашылығы үшін ма­мандар даярлау да маңызды бағыттың бірі болып қала береді. 2025 жылы Жәңгір хан атын­дағы Батыс Қазақстан аграрлық-тех­ни­калық университетінде «Гид­ро­ме­лио­ра­ция» білім беру бағдарламасы ашылды. 2025-2026 жылдары филиалдың 11 ма­маны Қытай мен Ресейде біліктілігін арт­тырды. Ал 2024-2025 жылдары еліміз­дің жоғары оқу орындарында тағы 30 ма­ман білім алды. 2026 жылы қосымша он маманды оқыту жоспарланған. Соны­мен қатар үш жоғары оқу орнының 33 сту­денті «Қазсушар» Батыс Қазақстан фи­лиалында өндірістік тәжірибеден өтті. Өт­кен жылы су шаруашылығы саласын­да­ғы мамандықтар ауылдық жерлерге жас ма­мандарды тартуға бағытталған «Дип­ломмен – ауылға» бағдарламасына енгі­зіл­ді.

Өңір үшін басты міндет – су мөлшері құ­­былып тұрған жағдайда су шаруа­шы­лығы жүйесінің сенімді жұмысын қам­та­масыз ету. Бұл міндетті шешу гид­ро­тех­ни­калық нысандарды уақытылы жаң­ғыр­туға, суды дәл есепке алуға және қолда бар ресурстарды тиімді басқаруға байла­нысты.

М.ЖАЛҒАСҰЛЫ