Lada Granta көлігі құдыққа түсіп кетіп, зардап шеккен болашақ ана аудандық ауруханаға жеткізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Оқиға 21 қазан күні Ерейментау қаласында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Lada Granta көлігін тізгіндеген әйел жол үстіндегі кәріз құдығына түсіп кеткен. Жол-көлік оқиғасынан кейін жүргізуші медициналық мекемеге жеткізілген. Оқиғаға қатысты тараған ақпаратта жүкті әйелдің іш тұсынан жарақат алғаны және қатты күйзеліске түскені айтылған. Алайда оның денсаулық жағдайы туралы ресми мәлімет әзірге нақтыланбады.
Ерейментаудағы бұл жағдай ашық қалған құдықтардың қаншалықты қауіпті екенін тағы бір мәрте көрсетті. Бұған дейін де осындай оқиғалар өңірдің бірқатар аймақтары мен облыс орталығында тіркелген. Жақында ашық құдыққа он жасар оқушы құлап кеткені хабарланған еді. Абырой болғанда, бала жеңіл қорқынышпен аман қалған. Ал бірнеше күн бұрын суға толған шұңқырға алты жасар бала түсіп, қайғылы жағдай болғанын хабарлағанбыз.
Бірінен кейін бірі тіркелген мұндай оқиғалар тұрғындардың қауіпсіздігіне қатысты мәселені қайта көтеріп отыр. Әсіресе, ашық қалған кәріз құдықтары балаларға да, көлік жүргізушілеріне де үлкен қатер төндіреді.
– Қазір Ерейментаудағы жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тексеру нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешім қабылданады, – деді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Ашық құдықтар тағы қанша адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі керек? Ерейментаудағы оқиға жауапты мекемелердің назарын аударуға тиіс. Қауіпті учаскелерді дер кезінде анықтап, ашық қалған құдықтарды қауіпсіздендіру кезек күттірмейтін мәселе. Өйткені салғырттықтың салдары орны толмас өкінішке ұласуы мүмкін.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.