Қазақстан – Корея орталығы: сирек металдарды өңдеудің жаңа мүмкіндіктері

Жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасымен сирек және сирек кездесетін жер металдары саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған стратегиялық бағытымен үндеседі. Мемлекет басшысының Сеулге жасаған мемлекеттік сапары барысында ғылыми-зерттеулерден бастап шикізатты өндіру, терең өңдеу және дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді қалыптастыру қажеттігін атаған болатын.

Сәтбаев университетінің Металлургия және кен байыту институтында Қазақстан – Корея сирек металдар технологиясы орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті, –  деп хабарлайды Aikyn.kz

Жаңа орталықта екі елдің ғалымдары мен инженерлері минералдық шикізатты терең өңдеу, сирек металдар мен перспективалы материалдарды алу технологияларын әзірлеп, оларды өнеркәсіпке енгізу бағытында бірлескен зерттеулер жүргізеді. Орталықтың ашылуы – Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы ғылыми-техникалық әріптестікті тереңдетуге және жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға бағытталған маңызды қадам.

Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Корея Республикасының дипломатиялық корпусының, ғылыми ұйымдардың, тау-кен және металлургия кәсіпорындарының өкілдері қатысты.

Іс-шараны Металлургия және кен байыту институтының Бас директоры Бақдәулет Кенжеалиев ашып, Корея Республикасынан келген делегация мүшелерін құттықтады. Ол өз сөзінде Қазақстан мен Корея арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуда сирек металдарды терең өңдеу және перспективалы материалдар алу технологияларын дамыту айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

Бақдәулет Кенжеалиевтің айтуынша, жаңа орталық ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға, ғылыми әзірлемелерді нақты өндірістік міндеттерді шешуге бағыттауға және Қазақстанның технологиялық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол бірлескен зерттеулердің нәтижелерін өнеркәсіпке енгізу және отандық кәсіпорындармен өзара іс-қимылды дамытудың маңыздылығын жеткізді.

Ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хаты оқылып, онда жобаның отандық ғылым мен өнеркәсіпті дамытудағы маңызы айтылды.

– Қазақстан – Корея сирек металдар орталығын құру – екі ел арасындағы ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам. Орталық минералдық шикізатты терең өңдеу технологияларын жетілдіруге, жоғары қосылған құны бар өнім өндірісін дамытуға және Қазақстанның технологиялық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді, – делінген министрдің құттықтау хатында.

Корея ұлттық сирек металдар институтының (KORAM) директоры Пак Кён Тхэ де орталықтың өнеркәсіп үшін маңыздылығына тоқталды.

«Жаңа орталық сирек металдарды өңдеу және терең тазарту үшін кореялық технологияларды өндіріске енгізуге, сондай-ақ жоғары технологиялық өнеркәсіпке арналған материалдар өндіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанда электроника, электромобильдер және басқа да заманауи технологиялар салаларындағы өндірушілер сұранысына ие өнімдерді шығаруға жол ашады», – деді Пак Кён Тхэ.

Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев бірлескен ғылыми жұмыстың практикалық нәтижелеріне назар аударды.

«Біз серіктестеріміздің өнеркәсіптік үдерістерге белсенді қатысатынына сенеміз. Олардың өндірістік міндеттері зерттеу басымдықтарын анықтауға көмектеседі, ал бірлескен сынақтар әзірлемелерді өндіріске енгізуге дайындайды. Орталық жұмысының нәтижесі өндіріс орындарында қолданылуы біз үшін өте маңызды», – деді ректор.

Қазақстан – Корея сирек металдар технологиясы орталығын құру жөніндегі жұмыс 2024 жылы басталды. Сол жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Сәтбаев университеті қолдауымен Металлургия және кен байыту институты мен Кореяның Өнеркәсіптік технологиялар институты (KITECH) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл келісім бірлескен ғылыми-зерттеулер жүргізуге, заманауи технологияларды дамытуға және ғылыми-инновациялық жобаларды іске асыруға негіз қалады.

Жоба Корея Республикасының дамуға ресми көмек көрсету бағдарламасы аясында Кореяның Өнеркәсіптік технологиялар институты (KITECH) мен Корея ұлттық сирек металдар институтының (KORAM) қатысуымен жүзеге асырылды. Орталық екі елдің мемлекеттік органдары мен ғылыми ұйымдарының қолдауымен құрылды.

Орталықтың негізгі міндеттері – минералдық және металлургиялық шикізатты терең өңдеу технологияларын жетілдіру, сирек металдар мен перспективалы материалдарды алу және тазарту әдістерін әзірлеу, ғылыми нәтижелерді өнеркәсіпке енгізу, мамандар даярлау және бірлескен қолданбалы зерттеулер жүргізу.

Атап айтқанда, орталықта селен, рений, германий және басқа да стратегиялық маңызы бар материалдарды алу технологияларын әзірлеу мен сынақтан өткізуге басымдық беріледі. Бұл материалдар электроникада, энергетикада, жоғары технологиялық машина жасауда және басқа да өнеркәсіп салаларында кеңінен қолданылады.

Дәл сол күні Орталықтың Бірлескен басқару комитетінің алғашқы отырысы өтті. Кездесу барысында зертханаларды заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету мерзімдері, мамандарды оқыту, өнеркәсіптік кәсіпорындармен ынтымақтастық орнату, бірлескен зерттеулерді ұйымдастыру және орталықтың алдағы жұмыс жоспары талқыланды.

Орталықтың ғылыми базасы ретінде Сәтбаев университетінің Металлургия және кен байыту институты таңдалды. Институттың металлургия және минералдық шикізатты өңдеу саласындағы көпжылдық ғылыми тәжірибесі қазақстандық ғылыми әлеуетті Кореяның заманауи технологияларымен және инженерлік тәжірибесімен ұштастыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан үшін сирек металдарды терең өңдеу технологияларын дамыту минералдық-ресурстық әлеуетті тиімді пайдалануға, жоғары қосылған құны бар өнім өндірісін жолға қоюға және отандық өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады.

Қазақстан – Корея сирек металдар технологиясы орталығы ғылыми-зерттеулерді өндірістік қажеттіліктермен ұштастыратын, озық технологияларды игеруге және екі ел арасындағы ұзақмерзімді ғылыми-техникалық әріптестікті нығайтуға ықпал ететін маңызды алаңға айналмақ.