«Музыка әлемінде»: Астанада балаларға арналған интерактивті дәріс-концерт өтеді

Бағдарлама жас көрермендерге ұлттық және әлемдік классика туындыларын сахна шеберлерінің жанды орындауында тыңдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ балаларды бір сәтке сонау барокко дәуіріне ғана емес, кең-байтақ қазақ даласына дейін жетелейді.

1 қарашада «Астана Опера» Бейбітшілік және Келісім сарайы сахнасында балаларға арналған «Музыка бейнелейді және әңгімелейді» танымал топтамасынан «Музыка әлемінде» интерактивті дәріс-концертін ұсынады, - деп хабарлайды Aikyn.kz 

Концерт бағдарламасы балаларды музыка әлеміне біртіндеп бойлататындай етіп құрылған. Әуелі жас көрермендер бізді қоршаған дыбыстар жайлы, қарапайым музыкалық терминдер жайлы мәлімет алады да, бірте-бірте композиторлардың шығармашылығымен, сондай-ақ опера дауыстарының түрлерімен және симфониялық оркестр аспаптарымен танысады. «Астана Операның» музыкатанушысы Сәуле Мәулетованың қызықты әңгімесі нің нәтижесінде балалар музыкамен түрлі жануарлардың дауыстарын және табиғаттың үнін қалай келтіруге болатынын үйренеді. Дәріс-концерттің мұндай интерактивті форматы жас көрермендерге әуенді жай естіп қана қоймай, оның мазмұнын тереңнен ұғынуға көмектеседі. 

Концерттің тағы бір ерекшелігі - балалар бұл күні тыңдаушы болып қана қоймайды, олар дирижермен және орындаушылармен бірге музыка жасау процесіне белсене араласады. Сонымен концертке «Астана Операның» жарқын солистері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова, Елена Ганжа, Лейла Аламанова, Талғат Аллабиринов, Мақсат Саматов қатысады. Оларға аспапшы музыканттар – виолончельші Балжан Құдиярова, флейташы Айгерім Дәуітбаева, трубашы Думан Орынғалиұлы, соқпалы аспапта ойнаушы музыкант Ахат Ташкенбаев қосылады. Театрдың симфониялық оркестрін дирижер «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзин басқарады. Сондай-ақ бұл күні сахнада Майя Амеличеваның жетекшілігіндегі Астана қаласының «Щелкунчик» балет өнері мектебінің жас әртістері де өз өнерлерін паш етеді. 

Балаларды ұлттық және шетелдік музыка мұрасымен таныстыру үшін бағдарламаға келесідей туындылар арнайы таңдап алынды: жас көрермендер Руслан Баймурзиннің орындауындағы Н.Тілендиевтің «Әлқисса» күйі арқылы домбыраның күмбірлеген үнін сезініп, Л.Хамидидің «Бұлбұл» әні мен С.Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсындағы Серкенің каватинасы және басқа да танымал туындылар арқылы қазақ вокал өнерінің сұлулығына бойлайды. Сонымен қатар бағдарламаға Дж.Россинидің «Мысықтар» дуэті, И.С.Бахтың Оркестрге арналған №2 сюитасынан «Менуэт» пен «Әзіл», К.Сен-Санстың «Аққу» туындысы, сондай-ақ жазу машинкасы музыкалық аспапқа айналатын Л.Андерсонның Оркестр мен жазу машинкасына арналған пьесасы және тағы басқа шығармалар енді. 

Балаларға кішкентай кезінен бастап эстетикалық тәрбие беру және олардың классикалық өнерге деген сүйіспеншілігін ояту «Астана Опера» қызметінің басты бағыттарының бірі болып табылатынын атап өтуіміз керек. Театр ашылғалы бері жас көрермендерге «Музыка бейнелейді және әңгімелейді», «Театрға саяхат», «Балаларға арналған классика» және тағы басқа авторлық топтамалары мен қызықты жобаларын ұсынып келеді. Бұл бағдарламалар балалардың өнерді жеңіл әрі қызықты форматта ұғынып, эстетикалық талғамын қалыптастыруына берік негіз қалайды.