«Зерделі ұлт» жобасы аясында жаңа кітап бұрышы ашылды

Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменті бірлесіп, «Зерделі ұлт» жобасы аясында департамент ғимаратында кітап бұрышын ашты.

Рухани мәдениетті нығайтуға, кітап оқу дәстүрін қалыптастыруға және қызметкерлердің зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған бастама кітаптың қоғам өміріндегі маңызын арттыруды көздейді,  – деп хабарлайды Aikyn.kz. Жаңа кітап бұрышынан әлемдік және отандық классикалық әдебиеттерді, сондай-ақ кәсіби қызметке қажетті салалық сөздіктер мен анықтамалықтарды табуға болады.

Кітап бұрышының ашылу салтанатында ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайбергенқызы және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі Қанат Әсембайұлы Сәлімбаев сөз сөйлеп, бастаманың маңыздылығына тоқталды. Олар кітап қорын алдағы уақытта жаңа басылымдармен толықтырып, қызметкерлердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға және жұмыс уақытынан тыс бос мезгілін мазмұнды өткізуіне мүмкіндік жасау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, тараптар кітап бұрышының ашылуына қолдау білдіріп, оның тұрақты дамуына қатысты ізгі тілектерін жеткізді.

«Зерделі ұлт» жобасы аясында қолға алынған бұл бастама кітапты күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыруға, кәсіби ортада білім мен рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.

Кітап бұрышы қызметкерлердің дүниетанымын кеңейтіп, зияткерлік ізденісіне серпін беретін, ұлттық және әлемдік әдеби мұрамен жүйелі танысуына жол ашатын рухани кеңістікке айналады деп күтіледі.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.