Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов IX Kazakhstan Global Investment Roundtable Жаһандық инвестициялар бойынша қазақстандық дөңгелек үстелге қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Биылғы іс-шараның Шымкент қаласында өтуі Еуразияның негізгі сауда ағындары мен Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізінің тоғысында орналасқан мегаполистің қарқынды дамуын көрсетеді.
Пленарлық отырыс басталар алдында Олжас Бектенов шетелдік серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан өңдеу өнеркәсібін, АӨК, энергетика және басқа да салалардағы бірқатар жобамен танысты. Олардың қатарында Жамбыл облысындағы Masdar жел электр стансасының құрылысы, Қарағанды және Түркістан облыстарындағы China Energy компаниясының ЖЭК саласындағы жобалары, Алматы облысындағы Carlsberg Group компаниясының алкогольсіз сусындар өндіретін зауыты және Alatau city жобалары бар. Сондай-ақ Шымкент қаласында орналасқан Alsera жылыжай кешені мен QazAlPack зауытының құрылысына да ерекше назар аударылды.
KGIR-2026 алаңына сындарлы диалог орнатуды мақсат еткен 40-тан астам елден келген 500-ден астам инвестор мен бизнес өкілі жиналды.
«Тұрақтылықтан өсімге: Қазақстанның жаңа инвестициялық циклі» тақырыбындағы пленарлық отырысты ашқан Премьер-министр іскерлік қоғамдастық өкілдеріне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қалыптастырылып, белсенді дамып келе жатқан кең ауқымды инвестициялық мүмкіндіктер туралы мәлімет берді.
«Біз халықаралық іскерлік қоғамдастықпен, оның ішінде бүгінгі Дөңгелек үстел аясында тікелей диалог орнатуға ерекше мән береміз. Былтыр еліміздің жалпы ішкі өнімі 6,5%-ға өсіп, $300 млрд-тан асты. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, биыл бұл көрсеткіш $300 млрд-қа жетеді. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға жарты трлн долларға жуық тікелей шетелдік инвестиция тартылса, тек соңғы 5 жылдың өзінде бұл көрсеткіш $100 млрд-тан асты. Біз үшін озық технологияларды енгізу, жаңа өндірістерді құру және шикізатты терең өңдеу арқылы экономиканы сапалы жаңғырту – аса маңызды міндет. Дәл осы стратегиялық басымдықтар 2030 жылға дейінгі жаңартылған Инвестициялық саясат тұжырымдамасында көрініс тапқан. Қазақстан ұзақмерзімді инвестициялар үшін ашық әрі тұрақты мемлекет болып қала береді», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сондай-ақ Премьер-министр инвесторларды Екібастұз қаласындағы «ДӨО алқабын» құру, жоғары технологиялы Alatau City қаласын салу және өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашатын өзге де ауқымды бастамаларға белсенді қатысуға шақырды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.