Шымкенттік оқушылар домбыра тартуды үйрететін цифрлық жүйе әзірледі

Сондай-ақ жобаның көмегімен көру және есту қабілеті бұзылған жандар да домбыра тартуды үйрене алады.

Шымкент қаласы Қаратау ауданындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушылары Іңкәр Шаяхмет пен Зарина Бектулла домбыра тартуды үйренуге арналған Dombra Sense инновациялық жүйесін әзірледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

 Заманауи технологияға негізделген Dombra Sense жобасы  домбыра тартуды үйренгісі келетін жандарға арналған. Домбыра тартуды жеңілдететін жүйе бірнеше құрылғыдан тұрады.

Жарықдиодты индикаторлар қай ішек пен пернені басу керектігін көрсетсе, арнайы діріл білезігі қолдың қозғалыс бағытын анықтауға көмектеседі. Ал домбыраға орнатылған арнайы құрылғы ырғақты діріл арқылы сезінуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, домбыраны көру қабілеті бұзылғандар Брайль қарпімен арнайы белгілері арқылы үйрене алады.

Dombra Sense жобасын дайындаған оқушы Іңкәр Шаяхметтің айтуынша, бұл істі қолға алмас бұрын жан-жақты зерттеп-зерделеп, ел ішінде  мәдениет пен өнерге қатысты жобалардың санаулы екенін байқаған.

– Қазіргі таңда домбыраны өзі ойнайтын роботтар кездескенімен, біз домбыраның үні ұмытылмай, әрі қарай дамығанын қаладық. Сөйтіп, жобаны 2-3 айда, толығымен бір жазда әзірлеп шықтық. Жобамызды осы қалпында қалдырмай, әлі де жетілдіре түскіміз келеді. Яғни, осы механизмді гитара, укелеле секілді ішекті инструменттерге де қолданып көру ойда бар. Өйткені олардың ойнау механизмі ұқсас келеді, – деді  Іңкәр Шаяхмет.

Домбыра тартуды өз бетінше меңгеруді жеңілдетіп қана қоймай, ерекше жандарға да қолжетімді етуі – инклюзивті білім берудің жаңа мүмкіндіктерін ашып отыр.

Зарина Бектулла бүгінде домбыра үйренуге ынтасы бар жандар көп болғанымен, оны үйренуге деген мүмкіндігі шектеліп жататынын сөз етті. 

– Мысалы, домбыра үйірмелері мен музыкалық мектептердің қымбатшылығы әрі  қолжетімсіздігі, бос уақыттың болмауы мен мамандардың жеткіліксіздігі, сондай-ақ жалпы үйрену процесінің өзіндік қиыншылығынан көпшілігі домбыраны толықтай меңгере алмай жатады. Соның жолын оңтайландыру үшін бұл жобаны құрастырдық. Тіпті, алдағы уақытқа біз домбыра мойнына орналастырылған арнайы кейсті пластиктен емес, күмістен кұюды және домбыраның артқы корпусын бір жүйелік платаға біріктіргіміз келеді, – деді Зарина Бектулла.

Бұл жүйенің мүмкіндіктерін мобильді қосымша толықтыра түскен. Оның көмегімен пайдаланушылар сабақтарды таңдап, оқу қарқынын өз ыңғайына қарай реттей алады. Оның үстіне, жаңа музыкалық шығармаларды қосуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар жасанды интеллект көмекшісі мәтін, нота, сурет және аудио форматындағы музыкалық материалдарды интерактивті сабақтарға айналдырып, жұмысты оңтайландырып береді.