«Құны 5 миллион теңгеден асады»: Алина Ри «Ғалам аруы» байқауында киетін 30 келілік ұлттық костюмін таныстырды

Алматыда «Ғалам аруы – 2026» (Miss Universe) халықаралық сұлулық байқауының қарсаңында баспасөз мәслихаты өтті. Биыл әлемдік додада отандасымыз Алина Ри Қазақстан атынан сынға түседі.

Байқау алдында өткізілген кездесуде ару ұлттық костюмін таныстырды. Салмағы 30 келі тартатын киімді әзірлеуге жарты жылдан астам уақыт жұмсалған. Ал оның құны 5 миллион теңгеден асады. 

Ұлттық рухтан туған образ

Биыл әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған тәжге үміткерлер Пуэрто-Рикода бас қосады. Еліміздің атынан бақ сынайтын Алина Ри аталмыш байқауға бір жыл бойы дайындалған. Қазір ол үздік 30 қатысушының қатарына еніп, қазақстандықтарды жоғары нәтижемен қуантуды көздеп отыр.

– Мен осы байқаумен бір жыл бойы өмір сүріп келемін. Жақында «Ғалам аруы» сахнасында Қазақстан атынан шығатыныма әлі де сене алар емеспін. Менің бар мақсатым – елімізді лайықты деңгейде таныстырып, мақтанарлық нәтижеге қол жеткізу. Қазір мен үшін әрбірінің қолдауы  маңызды, – деді Алина Ри.

Баспасөз мәслихатында көпшіліктің назары Алина Ридің ұлттық костюміне ауды. Дүниежүзілік сұлулық байқауына арнап тігілген образдың әр бөлшегінде ұлттық нақыш пен терең мән жатыр. Қазақстанның көк туын негізге алған бикеш сахналық киімі арқылы елдің болмысы мен мәдениетін жер жүзіне танытуды басты межесі санайды. Ал бұл идеяның тарихы оның «Қазақстан аруы» атанған сәтінен бастау алады. Жеңіс тұғырына көтерілген бойжеткен сол кезден-ақ әлемдік сахнаға қандай ұлттық киіммен шығатынын ойластыра бастапты.

– Байқауда жеңіске жеткеннен кейін бірден ұлттық костюмімнің тұжырымдамасын ойластыруға кірістім. Өйткені ауқымды әрі өзгеше дүние жасағым келді. Instagram желісінен Қазақстанның мемлекеттік Туы әлемдегі ең әдемі ту деп танылғаны туралы ақпаратты көзім шалды. Сол сәтте костюмімнің негізгі идеясы ретінде көк Туымызды алуды ұйғардым. Оның барлық дерлік бөлшегін өзім ойластырдым, – деді қатысушы.

Алып қанат алысқа жол тартпақ

Көз тартарлық костюмді жасау процесі биыл сәуір айында басталған. Оны әзірлеуге жарты жылдан астам уақыт кеткен. Ұлттық костюмнің түсі мемлекеттік Тудың түсімен үйлесім табады. Ұзын етегі ұлттық ою-өрнектермен көмкерілген, ал кеуде тұсы асыл тастармен безендірілген. Костюмнің әшекейлері мен басқа тағылатын сәндік бұйымдары да алдын ала мұқият ойластырылған. Киімнің ең әсерлі элементі – бүркіттің алып қанаты. Алтын түстес қанат сахнаға шыққан кезде арнайы механизмнің көмегімен ашылады. 

– Қанаттың көлемі өте үлкен. Көпшілігіңіз Victoria's Secret сән көрсетілімдерін көрген боларсыздар. Біздің костюмнің қанаты да соған ұқсайды. Әрине, мұндай алып қанатпен жүру оңай емес. Дегенмен бәрін еңсереміз деп сенемін. Ұлттық костюмімді дайындауға бар жанымды салдым. Әсіресе, киімнің түсі мен ою-өрнектерінің мемлекеттік тумен, ұлттық нақышпен үйлесуіне көңіл бөлдік. Байқауда Қазақстанның атын шығарып, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болғым келеді. Ұлттық костюмдер байқауында бірінші орын алып, ең үздік қатысушы атансам деймін, – деді бойжеткен.

Ұлттық образды әзірлеуге SV Muse компаниясы атсалысқан. Компания Қазақстанда орналаспағандықтан, костюмді дайындау мен тасымалдау жұмысы да біраз уақытты талап еткен. Алып қанаты бар костюмнің жалпы салмағы – 30 келі. Осындай ауыр салмақтағы костюмді сахнада киіп жүрудің өзі оңай шаруа емес. Десек те, қазір қатысушыны алаңдатып отырған мәселе басқа. Бұл, әрине, көлемді әрі күрделі құрылыммен жасалған костюмді Пуэрто-Рикоға өз қалпында жеткізу.

– Иә, костюмнің салмағы ауыр. Қазір оны байқау өтетін жерге қалай жеткізетінімізді ойлап жүрміз. Өйткені Пуэрто-Рико бізден алыс орналасқан. Оның үстіне, қосымша шабадандарды өзімізбен бірге алып жүруге әуе компанияларының талаптары мүмкіндік бермейді. Сондықтан заттарымызды әуе арқылы жүк тасымалдау қызметтерінің көмегімен біртіндеп жөнелте бастадық. Барлығының діттеген орынға аман-есен жетуіне алаңдаймын, – деді Алина Ри.

Сұлулық пен ізгілік үндестігі

Халықаралық байқауда Алина Ри ұлттық мәдениетімізді таныстырумен ғана шектелмек емес. Ол сұлулық байқауын қоғамдағы маңызды мәселелерге назар аудартудың бір мүмкіндігі деп біледі. Осы мақсатта ару Алматыдағы Insight мектебімен бірлесіп, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға бағытталған әлеуметтік жобаны қолға алған. Бастаманың басты мұраты – инклюзивті қоғам қалыптастырудың маңызын көрсету, әр баланың қабілетін дамытуына және өз мүмкіндігін жүзеге асыруына жағдай жасау. 

Қатысушыларға «Ғалам аруы – 2026» атану үшін қазылар алқасының бағасымен қатар, көрерменнің қолдауы да аса маңызды. Қазіргі уақытта MU Fan қосымшасында дауыс беру кезеңі жүріп жатыр. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, дауыс беру нәтижесінде үздік үштікке енген арулар байқаудың ТОП-30 қатысушысы қатарына автоматты түрде өте алады. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, Алматы қаласы