Ақмола облысында әкесі мен баласы 77 жылқыны ұрлады деген күдікке ілінді: шығын 25,4 миллион теңгеден асты

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдіктілер биыл көктемде Ерейментау ауданынан ұрланған жылқыларды көлік құралдарымен Степногорск қаласына жеткізген

Ақмола облысында 77 жылқыны ұрлады деген күдікпен Степногорск қаласының әкесі мен баласы ұсталды. Ерейментау ауданында жоғалған мал иесіне 25 миллион 450 мың теңге шығын келтірген. Полиция ұрланған жылқылардың 40-тан астамын тауып, иесіне қайтарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Оқиға биыл мамыр айында Ерейментау ауданы ауылдарының бірінде болған. Полицияға еркін жайылымда жүрген 77 жылқының жоғалғаны туралы арыз түскен. Малдың бірден осынша бас болып жоғалуы құқық қорғау органдарын ауқымды іздестіру жұмыстарына кірісуге мәжбүр етті.

Жылқыларды бірнеше ай бойы іздеген. Мал ұрлығы дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, арнайы жедел топтар құрылды. Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Ерейментау аудандық полиция бөлімінің мамандарымен бірлесіп, бірнеше ай бойы жедел-іздестіру шараларын жүргізді.

- Тергеу барысында полицейлер бұрын осындай қылмыстар үшін сотталған адамдарды тексеріп, ет базарларын және ұрланған малды өткізуі мүмкін өзге де арналарды зерделеді. Ұзаққа созылған іздестіру жұмыстарының нәтижесінде күдіктілердің кім екені анықталды. Олар Степногорск қаласында тұратын әкесі мен баласы болып шықты, - Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Ұрланған малды қала сыртындағы қораларда ұстаған. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдіктілер биыл көктемде Ерейментау ауданынан ұрланған жылқыларды көлік құралдарымен Степногорск қаласына жеткізген. Кейін мал қала сыртындағы қораларда ұсталып, біртіндеп сатылған деген болжам бар. Күдіктілер ұсталғаннан кейін полиция ұрланған жылқылардың 40-тан астамын тауып, заңды иесіне қайтарды. Демек, қалған малдың тағдыры мен ұрлықтың барлық мән-жайын анықтау тергеу үшін маңызды болып отыр.

Қазір күдікті әкесі мен баласы да ұсталып, қамауда отыр. Олардың әрекеттеріне қатысты тергеу амалдары жалғасуда.

Полиция мал иелеріне ескерту жасады

Осы оқиғадан кейін Ақмола облысының полицейлері ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне малдың қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырды. Құқық қорғау органдары жайылым орындарын үнемі тексеріп, малды қорғау шараларын күшейтуге және жоғалу фактілері анықталған жағдайда полицияға дереу хабарлауға кеңес береді.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы