Шымкентке салынған инвестиция көлемі екі есе артып, 7 миллиард долларға жетті

Шымкентте жалпы аумағы 1,53 мың гектар болатын сегіз инвестициялық алаң жұмыс істейді. Оларда 350-ден астам өндірістік жоба жүзеге асырылған.

Соңғы бес жылда Шымкенттің негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі екі есеге артып, 7 млрд долларға жетті, ал жалпы өңірлік өнім үштен бірге өсіп, 13 млрд долларды құраған. Бұл туралы қала әкімі Ғабит Сыздықбеков IX Kazakhstan Global Investment Roundtable (KGIR 2026) форумында мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Kazakhstan today агенттігіне сілтеме жасап.

Сыздықбековтің мәлімдеуінше, Шымкентте халықаралық инвестициялық форум алғаш рет өтуде. Бұл форум капитал тартуға және шетелдік серіктестермен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға арналған алаңға айналуы тиіс.

– Шымкент Қазақстанның экономикалық өсімінің негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналуға дайын, - деп атап өтті әкім.

Қалада шетелдіктердің қатысуымен 2 мыңға жуық кәсіпорын және 133 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Шымкент пен оған іргелес агломерацияның тұтыну нарығы 2 млн адамнан асады. Ал, қаланың стратегиялық орналасуы Орталық Азия, Еуразиялық экономикалық одақ және Қытай нарықтарына шығуға мүмкіндік береді.

Ғабит Сыздықбеков қаланың өнеркәсіптік әлеуетін де атап өтті. Қазақстандағы кілем мен алюминий құтылар өндірісінің 100%-ы, мақта майы өндірісінің 97%-ы және мақта-мата өндірісінің 63%-ы Шымкенттің үлесіне тиесілі. Қала фармацевтика, тамақ өнеркәсібі, отын, майлау материалдары және шыны ыдыс өндірісі салаларында да елеулі орын алады.

Сондай-ақ, Шымкентте жалпы аумағы 1,53 мың гектар болатын сегіз инвестициялық алаң жұмыс істейді. Оларда 350-ден астам өндірістік жоба жүзеге асырылған. Билік қолданыстағы тағы төрт өнеркәсіптік алаңды кеңейтуді, жаңа металлургиялық аймақ құруды және арнайы экономикалық аймақтың аумағын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Нәтижесінде жаңа жобалар үшін қосымша 1,7 мың гектардан астам жер қолжетімді боламақ.

Әкім қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыратын қосымша фактор ретінде халықаралық әуежай мен көлік-логистикалық инфрақұрылымның дамуын атап өтті. Әуежайдың жаңа терминалы жылына 12 млн жолаушыға дейін қызмет көрсетуге есептелген, ал екінші ұшу-қону жолағының құрылысы жүк және транзиттік тасымал мүмкіндіктерін кеңейтуі тиіс.

Қалада шетелдік қатысуы бар жалпы құны 1,5 млрд доллар болатын 20 жоба іске асырылған. Құны 7,5 млрд доллар болатын тағы 21 жоба жүзеге асырылу үстінде. Шымкентте жұмыс істейтін халықаралық компаниялардың қатарында CNPC, Coca-Cola, Polpharma, Alarko Holding, YDA Group, Fabe Agro және Wang-Sheng Ceramics бар.

Былтыр Шымкенттің сыртқы сауда айналымы 2,6 млрд долларға жетіп, бес жыл ішінде 70%-ға өсті.