Ақпанның 5-і күні Ақордада Қазақстан Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысы өтті. Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен жиында 2019 жылы бағдарламаны іске асырудың нәтижелері мен алда атқарылатын жұмыстың жаңа басым бағыттары қаралды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі ақпарат таратты. Мемлекеттік хатшы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында айтылған бағдарламалық міндеттер аясында қазақстандық қоғамды рухани жаңғырту бойынша жоспарланған жұмыстар атқарылғанын айтып өтті. Олар ұлттық бірегейлікті сақтауға, прагматизмге, білімнің салтанат құруына, сананың ашықтығына және Қазақстанның эволюциялық дамуына бағытталған 12 арнайы жобаға топтастырылған. Қ.Көшербаев өткен жылды қорытындылау барысында қазақстандық бизнестегі әлеуметтік жауапкершіліктің айтарлықтай артқанын атап өтті. 2019 жылы тек қана «Туған жер» жобасының аясында демеушілердің көмегімен 60 млрд теңге 1 520 әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысы мен қайта жөндеу жұмыстарына жұмсалған. Соның ішінде мектептер, балабақшалар, спорт алаңдары, мәдени және медициналық мекемелер бар. «Архив-2025» шарасын іске асырудың бағдарламасы қабылданды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен латын графикасындағы жаңа қазақ әліпбиін жетілдіру жұмыстары жүріп жатыр.
«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» арнайы жобасының аясында 17 жұмыс тобы құрылып, әлемнің мықты баспаларын іріктеу мен аудару жұмыстары жүйелі ұйымдастырылды. «Қазақстанның киелі географиясы» арнайы жобасын іске асыру арқылы республикалық маңызы бар 48 ескерткішке ғылыми қайта қалпына келтіру жұмыстары жасалды. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы аясында жыл сайын қоғамның үздік өкілдері таңдалып келеді.Сонымен қатар Мемлекеттік хатшы бағдарламаны іске асырудың кейбір бағыттарына ерекше назар аудару қажетін атап өтті. Соның ішінде, тұлғалық даму, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау және мемлекет пен қоғамның дамуы «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басым бағыттары бойынша барлық өңірлерде жұмысты жандандыру қажеті ерекше аталып өтті және орындалуы Қазақстан Президенті Әкімшілігінің бақылауында болады.