«Жұлдызай» инклюзияны қолдау кабинеттері балаларға қажетті мамандардың көмегін балабақшадан шықпай-ақ алуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл бастама балалардың дамуындағы ерекшеліктерді ерте анықтап, оларға уақытылы қолдау көрсетуге, сондай-ақ ата-аналардың мамандар көмегіне қол жеткізуін жеңілдетуге бағытталған. Атырауда өткен республикалық семинар-практикумда осындай кабинеттердің бірыңғай жұмыс стандарттары таныстырылып, оларды еліміздің мектепке дейінгі білім беру жүйесіне енгізу мәселелері талқыланды. Жаңа стандарттар елімізде балаларға ерте жастан қолдау көрсету жүйесін дамытуға негіз болмақ, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
20 қазанда Атырауда «Ерте жастағы балаларды қолдау» атты республикалық семинар-практикум өтті. Іс-шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен педагогтер, әдіскерлер, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Жиын барысында қатысушылар жобаның нәтижелерімен танысып, әзірленген стандарттарды мектепке дейінгі білім беру жүйесіне енгізудің практикалық мәселелерін талқылады.
Іс-шараны «BI Жұлдызай» корпоративтік қоры мен Атырау облысы Білім басқармасының Әдістемелік орталығына қарасты инклюзивті және арнайы білім беру бөлімі BI Group құрылыс компаниясының қолдауымен ұйымдастырды.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мектепке дейінгі жастағы балалардың 2,5 пайыздан астамы – дамуында ерекшелігі бар балалар. Олардың басым бөлігі жалпы деңгейдегі балабақшаға барады. Сондықтан баланың дамуындағы ерекшелікті ерте анықтап, оларға уақытылы әрі қажетті көмек көрсете алатын білікті мамандарға сұраныс артып келеді.
Осы қажеттілікті өтеудің бір жолы – «Жұлдызай» инклюзияны қолдау кабинеттері. Мұндай кабинеттер екі жылдан бері үш балабақшада жұмыс істеп келеді. Онда ай сайын 60-қа жуық бала логопед, психолог, дефектолог және бейімдік дене шынықтыру мамандарының көмегін алады.
Жинақталған тәжірибе бірыңғай стандартты әзірлеуге негіз болды. «BI Жұлдызай» қорының командасы бұл құжатты бір жылдан астам уақыт бойы дайындаған. Стандартта балалардың даму ерекшеліктері мен жеке қажеттіліктерін ескере отырып, әрқайсысымен жұмыс жүргізуге арналған әдістемелік ұсыныстар мен кезең-кезеңімен орындалатын нұсқаулықтар қамтылған.
«Жұмысымыздың алғашқы нәтижелері қуантып отыр. Әсіресе, балалардың жетістіктерін көргенде ерекше марқайып қаламыз. Тіпті, алғаш тілі шыға бастаған кейбір тәрбиеленушілерімізге арнап, дәстүрлі «Тілашар» рәсімін өткіздік. Жаңа стандартты енгізу арқылы бұдан да көп балаға қолдау көрсетіп, олардың дамуына үлес қоса аламыз деп сенеміз», – дейді «Жұлдызай» оңалту орталығының директоры Айкерім Кудеринова.
Мұндай тәсілдің тиімділігін инклюзияны қолдау кабинеттері жұмыс істейтін балабақшалардың басшылары да растап отыр.
«Инклюзияны қолдау кабинеті балалар үшін де, ата-аналар үшін де үлкен мүмкіндік. Көптеген ата-ана күндіз жұмыс істейді, сондықтан баласын логопедке, психологке немесе басқа мамандарға апаруға үнемі уақыты бола бермейді. Осындай кабинеттердің арқасында балалар қажетті көмекті балабақшада ала алады», – деді №29 «Нұрсая» бөбекжай-бақшасының директоры Салтанат Жеңісқызы.
Бұл осындай кабинеттер ашуды жоспарлап отырған балабақшалар үшін жұмысты ұйымдастырудың дайын үлгісі. Нақты айтсақ, балаларға қолдау көрсетудің ортақ тәртібі айқындалып, әр өңірдегі балабақшаларда көрсетілетін көмектің сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Инклюзивті білім беруді дамыту – ерекше қажеттіліктері бар балаларға көп жылдан бері қолдау көрсетіп келе жатқан «BI Жұлдызай» қоры қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Қордың жобалары BI Group компаниясы қызметкерлері мен акционерлерінің тұрақты жарналары есебінен жүзеге асырылады.
«Біздің компания 22 жылдан бері «Жұлдызай» қорына қолдау көрсетіп келеді. Біз үшін бұл жай ғана әлеуметтік жауапкершілік емес, компания философиясының бір бөлігі. Осындай бастамалардың арқасында балаларымыздың бақытты болашағына бірге жағдай жасап келеміз», – деді BI Group қызметкері Сержан Мағыпаров.
Балаларға ерте жастан жан-жақты қолдау көрсету олардың дамуына оң әсер етіп қана қоймай, маңызды әлеуметтік міндеттерді шешуге де көмектеседі. Дер кезінде көрсетілген көмек баланың бойындағы қабілеттерді дамытуға, қоршаған ортаға бейімделуіне және қоғам өміріне белсене араласуына ықпал етеді. Ал бірыңғай стандарттарды мемлекеттік деңгейде енгізу еліміздің барлық өңіріндегі балаларға қажетті мамандардың көмегін қолжетімді етуге жол ашады.