Мемлекет басшысы ұлт мәдениеті мен біліміне үлес қосқан тұлғаларды марапаттады

Президент ел дамуына зор үлес қосқан бір топ көрнекті тұлғаға мемлекеттік наградалар тапсырды.

Республика күніне арналған салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық мәдениет, білім беру, спорт және ғылым саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар белгілі азаматтардың еңбегін жеке-жеке атап өтіп, жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттады,  – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы:
 
«Осы мерекелік жиынға төл мәдениетіміздің көрнекті өкілі, белгілі сазгер, ұстаз Алтынбек Қоразбаев қатысып отыр.
 
Оның әндері бірнеше буынның жүрегіне жол тауып, қазақ өнерінің алтын қорына қосылды. Мен бүгін Алтынбек Қоразбаевқа ең жоғары марапат – «Отан» орденін табыстаймын.
 
Қазір арамызда даңқты альпинист Қазбек Уәлиев отыр. Ол дүниежүзінің ең биік шыңдарын бағындырып, әлемдік альпинизмнің аңызына айналды. Мен Қазбек Шәкімұлының ерен еңбегін ескере отырып, оны ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттауды ұйғардым.
 
Наталья Викторовна Сафиулина жоғары педагогикалық шеберлігімен, кәсібилігімен және сүйікті ісіне адалдығымен көрінді. Жаңашыл ұстаз ерекше балаларды оқытуда озық тәсілдер енгізіп отыр.
 
Мемлекет шын мәнінде инклюзивті қоғам қалыптастыруға үлес қосып жүрген осындай педагогтерді әрдайым қолдайды. Білім беру саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Наталья Викторовна Сафиулинаға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы беріледі.
 
Сондай-ақ руханиятымыздың өрісін кеңейтуге зор үлес қосып жүрген өнерпаз, танымал опера әншісі Талғат Маратұлы Мұсабаевқа «Қазақстанның халық әртісі» атағы беріледі.
 
Өнер қайраткерлерімен қатар, мәдениет саласын зерттеген ғалымдардың да еңбегі зор құрметке лайық.
 
Осы орайда, музей ісін дамытуға және тарихи-мәдени мұрамызды сақтауға белсене атсалысып жүрген белгілі өлкетанушы Бауыржан Өзбекәліұлы Жәнібековке «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы беріледі.
 
Сонымен қатар ұлағатты ұстаз, өнертанушы ғалым Эльмира Сәкенқызы Сұлтанғалиеваға «Құрмет» ордені табысталады», – деді.