Құбылмалы әрі бәсекеге толы заманда бейқам отыруға мүлдем болмайды – Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республика күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында сөз сөйлеп, халқымызды Республика күнімен құттықтады, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

– Қымбатты отандастар!

Ұлық мерекеміз – Республика күні баршаңызға құтты болсын!

Бұл – бүкіл халқымыз үшін мән-мағынасы ерекше және қастерлі мейрам! 25 қазанда ақжолтай құжат – Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Дәл сол күні ұлт жылнамасының жаңа кезеңі басталды. Көп ұзамай өз алдына дербес ел атандық. Тарихи әділдік орнап, қасиетті қазақ жеріне Тәуелсіздіктің алтын қазығы қағылды. Сондықтан бұл күнді Ұлы даладағы мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған күн деп айтсақ, артық емес.

Биыл біз ұлттық мерекені ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында атап өтіп жатырмыз. Қазақстан осы мемлекет тарихының мерейлі межесіне қарқынды дамып келе жатқан, әлем қауымдастығының құрметіне ие болған ел ретінде жетіп отыр.

Халқымыз егемендік жылдарында көптеген белесті абыроймен еңсерді. Ұлттық болмысымыздың мызғымас нышандары – мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Көк Туымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде желбіреді. Ұлттық қаржы жүйесі құрылды. Мемлекеттік шекарамыз шегенделді.

Қасиетті Сарыарқаның төрінде, бұрынғы ескі қаланың орнында бүкіл дүние жүзін таңғалдырған, әлем мойындаған жаңа елордамыз – Астананың іргесі қаланды.

Біз бірлігімізді бекемдеп, жер жүзіне бейбітшілік бесігі ретінде танылдық.

Құрметті азаматтар!

Біз бәріміз біртұтас қоғам болып Әділетті Қазақстанды құру ісін қолға алдық. Әділеттілік қағидаттарын халқымыз арасында дәріптеп жатырмыз. Шын мәнінде, әділеттілік ең жоғары рухани құндылық десек дұрыс болады. Жаңа партияға «Әділет» атауын бердік.

Біз тарихи үрдістерге әділетті көзбен қарап, әділ баға беруіміз керек. Сондықтан Егемен Қазақстанның негізін қалауға, оның өте күрделі экономикалық жағдайда дамуына, еліміздің көптеген тарихи жетістікке қол жеткізуіне зор үлес қосқан Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімі ешқашан ұмытылмайды деп ойлаймын. Себебі, бұл – әділетке сай келетін мәселе.

Қазақта «Ынтымақ – мызғымас қорған» деген сөз бар. Біз – болашаққа үлкен үмітпен, зор сеніммен қарайтын ұлтпыз. Шын мәнінде, біз татулық пен тұрақтылықтың арқасында сан түрлі сынақтан сүрінбей өттік. Ел игілігін еселеп, өркениетіміздің өрісін кеңейттік. Біртұтас ұлт ретінде түбегейлі өзгерістерді табысты жүзеге асырдық. Ең бастысы, халқымызға айнымас бағдар болатын қастерлі құжат –Конституциямызды біртұтас ел болып қабылдадық.

Тұғырға қонған Конституция көпұлтты жұртымыздың жаңа Жарғысына айналды. Конституцияның әр қағидаты, әр тармағы ел мүддесіне қызмет етуге бағытталған. Еліміздің егемендігі, жеріміздің тұтастығы, азаматтардың заңды құқықтары мен бостандықтары Конституциямызға сәйкес басты құндылықтар деп танылды.

Заң мен тәртіпті қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті бекемдеу мызғымас қағидат ретінде бекітілді. Білім мен ғылымды, инновацияны, жоғары технологияларды дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеті деп көрсетілді. Конституцияда Қазақстанның өткені мен бүгіні, сондай-ақ болашақтағы бейнесі айқындалды.

Ел Конституциясы түбегейлі өзгерістердің жаңа кезеңіне жол ашты. Соның нәтижесінде мемлекеттік билік жүйесі толығымен жаңғырды. Бір палаталы Құрылтай пайда болды. Осылайша, біз «Күшті Президент – ықпалды Парламент, яғни Құрылтай – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасын нақты іске асырдық. Вице-Президент институты құрылды. Қауіпсіздік Кеңесінің құрылымына қажетті өзгерістер енгізілді. Еліміздің жоғары консультативтік мекемесі – Қазақстан Халық Кеңесі өз жұмысын бастады.

Еліміз дүние жүзінде еріктілер, яғни волонтерлер қозғалысына конституциялық мәртебе берген санаулы мемлекеттің бірі атанды.

Баршаңызға белгілі, қазіргі дүние жүзінде, осындай күрделі, тұрақсыз, болжамсыз, бұлыңғыр заманда билік жүйесінде мұндай ауқымды өзгеріс мүлде жоқ. Бұл – мемлекетіміз үшін алға қарай үлкен саяси қадам.

Қоғамның барлық саласын қамтыған реформалар еліміздің дамуына тың серпін берді. 2019 жылдан бері экономикамыз 30 пайызға жуық өсті. Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім көлемі 15 мың доллардан асты.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында 7 миллион баланың есепшотына 2,5 миллиард доллар қаржы аударылды. Былтыр 20 миллионнан астам шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.

Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындады. Дүниежүзілік банктің мәліметіне сәйкес, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша біздің аймақта көш бастап тұр.

Біз ұлттық экономиканың әлеуетін күшейтуге басымдық беріп, баса назар аударып отырмыз. Әлемдегі ең ықпалды елдердің қатарына қосылып, 34-орында тұрмыз. Еліміздің жалпы ішкі өнім көлемі 350 миллиард долларға жетіп келе жатыр. Бұл – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберіндегі екінші орын деген сөз.

Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі айтарлықтай артты, яғни 40 пайызға жетті. Кәсіпкерлеріміз отандық тауар өндірісін ұлғайтып, жаңа іскерлік мәдениеті қалыптасуда.

Бүгінде осы салада еліміздегі еңбекке жарамды азаматтардың жартысына жуығы жұмыс істеп жүр. Сондай-ақ біз озық технологияға негізделген өндірісті дамытуға жол аштық. Соңғы бес жылдың ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі экспорт көлемі 45 пайыздан асты. Осылайша, Қазақстан индустриясы дамудың жаңа сапалық деңгейіне көтеріліп жатыр.

Кейінгі жылдары теміржол саласын дамытуда соны серпіліс жасадық. Рельстер мен шпалдардан бастап вагондар мен электровоздарға дейінгі қажеттінің бәрін өзіміз өндіре бастадық.

Автокөлік шығару ісі де қарқын алды. Жыл сайын конвейерден 150 мыңнан аса жеңіл және жүк көлігі шығады. Экономикадағы барлық стратегиялық салаға қан жүгірді деп айтуға болады.

Еліміздің өркендеуіне ауқымды шетелдік инвестиция септігін тигізіп отыр. Соңғы жеті жылдың ішінде тартылған қаражат көлемі 155 миллиард долларға жетті. Түрлі елдерге барып, жоғары деңгейдегі халықаралық іс-шараларға қатысу Қазақстанның саяси беделін нығайтып қана қоймай, зор пайдасын да тигізуде.

Жыл басынан бері жалпы сомасы 60 миллиард доллар болатын 355 коммерциялық келісімге қол қойылды. Осының өзі көп нәрсені аңғартады.

Еліміз Еуразияның жетекші көлік-логистика хабы ретінде позициясын нығайта түсті. Әуежайлар, вокзалдар, көпірлер, теңіз айлақтары салынып, жөндеуден өтті. Шекара маңындағы инфрақұрылым жаңғыртылуда. Бұл маңызды жұмыс ары қарай жалғасады.

Жеті жыл ішінде он мыңдаған шақырым автокөлік жолы мен теміржолдар салынып, жөнделді. Еуропа мен Азияның арасын жалғап тұрған көлік, энергетика және цифрлық тораптар Қазақстан арқылы өтіп жатыр.

Қазақстан орта держава ретінде әлемдік тәртіптің нығаюына елеулі қосып келе жатқан, дамыған, тұрақты әрі зайырлы мемлекет болып танылды.

Сындарлы және жауапты сыртқы саясаттың арқасында еліміздің әлемдік абырой-беделі артуда. Қазақстан төлқұжатының мәртебесі жоғары. Еліміздің азаматтары мен бизнес өкілдері үшін барлық елдің есігі ашық.

Сонымен қатар Қазақстан дүние жүзінде болып жатқан түбегейлі цифрлық өзгерістерге белсене қатысуда. Елордамызда Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы мен заманауи Astana Hub технопаркі жұмыс істейді. ІТ қызметтердің экспорты 1 миллиард доллардан асты.

Екі суперкомпьютер іске қосылды. Оның игілігін отандық компаниялар мен ғалымдар көріп жатыр. Жақында аса қуатты тағы бір суперкомпьютер пайдалануға беріледі.

Жаңадан салынып жатқан дата орталықтар кластері – Деректерді өңдеу орталығының алқабы цифрлық экономиканың берік негізін қалайды. Біз Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын жүзеге асыруды қолға алдық, жасанды интеллект технологиясы қоғамның барлық саласына енгізіледі.

Мұның бәрі – цифрлық, басқаша айтқанда, халқымыздың игілігіне қызмет ететін өркендеген мемлекет құруға бағытталған қадам.

Соңғы жеті жылда әлеуметтік саланы дамытуға 88 триллион теңге қаржы бөлінді. Мұны халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін салынған инвестиция деп қабылдаған жөн.

Қазір барлық аймақта, әсіресе, ауылдық жерлер мен шалғай елді мекендерде медициналық қызметтің сапасы артып келе жатыр. 2019 жылдан бері еліміз бойынша 1259 денсаулық сақтау мекемесі салынды.

Конституциямызда ақысыз медициналық көмектің кепілді көлемі туралы айқын жазылды. Еліміздің азаматтары медициналық қызметтің 1 мыңнан астам түрін ақысыз алуға құқылы. Бұл, түптеп келгенде, бірегей әлеуметтік көмек десек, артық болмас.

Сонымен қатар еліміздің әрбір мектебінде барлық бастауыш сынып оқушылары және әлеуметтік жағынан осал топтағы балалар, яғни, бір миллион жеті жүз мыңнан астам оқушы ақысыз ыстық тамақ алуда.

Елімізде неше түрлі әлеуметтік жеңілдіктер бар, тіпті, олардың кейбірі жымқыру негізінде беріліп жатыр. Сондықтан қазір Үкімет бұл мәселені жан-жақты зерттеп, осы жұмыспен айналысуда.

Тағы бір маңызды міндет – білім беру саласын жан-жақты дамыту. Бұл, ең алдымен, жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін қажет. Осы уақыт аралығында еліміз бойынша 1483 балабақша ашылды. 1342 заманауи мектеп бой көтерді.

Кейінгі жеті жыл ішінде жастардың жоғары білім алуы үшін жалпы құны 1,5 триллион теңге болатын 655 мыңнан астам оқу гранты бөлінді. Бұл шаралар жас буынның қалаған кәсіпті меңгеруіне, қабілетін ұштауына мүмкіндік береді.

«Егемен елдің еңсесі – биік» деген сөз бар. Біз қасиетті Тәуелсіздігіміздің арқасында түрлі салада толайым табысқа жетіп келеміз. Сондықтан бейбіт күннің қадірін біліп, мемлекеттігімізді күшейте түсу үшін табанды еңбек етуіміз керек.

Мен бүгін еліміздің бірқатар жетістігіне тоқталып өттім. Бірақ қазіргідей құбылмалы әрі бәсекеге толы заманда бей-жай, бейқам отыруға мүлдем болмайды. Әлі көп жұмыс істеуіміз қажет, кемшіліктер мен олқылықтар бар екенін мойындаймыз, оларды жою және түзету үшін Үкімет пен депутаттар және барлық мемлекеттік қызметшілер күш салуы керек.

Мемлекетіміздің алдында тұрған нақты міндеттер мен жоспарлар жөнінде келесі аптада Қазақстан халқына Жолдауымда толығырақ айтамын.

Өздеріңіз білесіздер, қазір әлем аса жоғары қарқынмен өзгеруде. Өркениет көшінен қалып қоймау үшін заман талабына сай әрекет ету ұдайы маңызды.

Адам капиталын дамыту – еліміздің конституциялық міндеті. Біз саналы, жауапкершілігі мол, ойы ұшқыр, бәсекеге қабілетті, отаншыл және адал азаматтарды тәрбиелеуіміз керек. Бұл – еліміздің өсіп-өркендеуінің кепілі.

Отаншылдық, еңбекқорлық, жасампаздық, өзара сыйластық, жанашырлық құндылықтарын кең ауқымда дәріптеп, қоғамымызда жаңарған этика қалыптастыруымыз қажет.

Халықаралық ахуалды, соның ішінде дамыған елдерде болып жатқан соңғы оқиғаларды көріп-біліп отырсыздар. Расында Заң мен Тәртіп сақталмаса, татулық пен ынтымақ болмаса, ешқандай даму, қысқасы, төрт құбыламыз түгел болмайтыны айдан анық.

Біз ауызбіршілігімізді сақтап, ортақ мүдде жолында біртұтас қоғам болып еңбек етсек, кез келген белесті бағындырамыз, барлық мақсат-мұратымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін!

Құрметті отандастар!

Республика күні – күллі халқымыздың басын қосатын, жалпыұлттық сипаты бар бірегей мереке.

Егемендік пен Тәуелсіздік – бәрінен қымбат қазынамыз, ең асыл құндылығымыз! Сондықтан мемлекеттігімізді күшейтіп, еліміздің іргесін бекіте түсу – баршамыздың қасиетті борышымыз.

Біз егемендікке ата-бабаларымыздың бойындағы мықты ерік-жігер мен өшпес рухтың арқасында қол жеткіздік. Халқымыз Тәуелсіздік жолында құрбан болған ерлердің, бостандық үшін жанқиярлықпен күрескен тұлғалардың есімін әрқашан жадында сақтайды.

Аға буын тар жол, тайғақ кешуден өтсе де, барлық сын-қатерді еңсеріп, ел үшін қажырлы қызмет етті.

Халқымыз, әсіресе жастарымыз төл шежіремізді терең танып, оған құрметпен қарай бастады. Бұл – өте жақсы үрдіс.

Шын мәнінде, тарихқа тек біржақты көзқараспен қарауға болмайды. Біздің тарихымыз – ұлы жеңістердің, мәңгілік мұралар мен теңдессіз дәстүрлердің шежіресі. Біздің тарихи деректерге толы даңқты жолымызды жігерлі, табанды, жасампаз тұлғалар жазды. Олардың өмірі мен ұстанымы – жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Түптеп келгенде, елдігіміздің тұғырын мемлекетшіл, отаншыл, парасатты, адал, еңбекқор адамдар нығайтады.

Қазір ортамызда отырған азаматтардың бойында осы құнды қасиеттердің бар екені анық. Солардың бірі «Еңбек Даңқы» наградасының толық кавалері – Әбдірашит Қойшыбекұлы Доспанов. Ол әке ізін басып, 40 жылдан астам уақыт металлургия саласында абыройлы жұмыс істеп келе жатыр. Кәсіби шеберлігі мен еңбекке адалдығының арқасында зор табысқа жетіп, елімізді өркендетуге мол үлес қосып жүр. Бүгінде жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, оларға өмірлік кәсібінің қыр-сырын үйретуде. Мен бүгін Әбдірашит Қойшыбекұлы Доспановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы шешім қабылдадым.

Осы мерекелік жиынға төл мәдениетіміздің көрнекті өкілі, белгілі сазгер, ұстаз Алтынбек Қоразбаев қатысып отыр. Оның әндері бірнеше буынның жүрегіне жол тауып, қазақ өнерінің алтын қорына қосылды. Мен бүгін Алтынбек Қоразбаевқа ең жоғары марапат – «Отан» орденін табыстаймын.

Қазір арамызда даңқты альпинист Қазбек Уәлиев отыр. Ол дүние жүзінің ең биік шыңдарын бағындырып, әлемдік альпинизмнің аңызына айналды. Мен Қазбек Шәкімұлының ерен еңбегін ескере отырып, оны ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттауды ұйғардым.

Наталья Викторовна Сафиулина жоғары педагогикалық шеберлігімен, кәсібилігімен және сүйікті ісіне адалдығымен көрінді. Жаңашыл ұстаз ерекше балаларды оқытуда озық тәсілдер енгізіп отыр.

Мемлекет шын мәнінде инклюзивті қоғам қалыптастыруға үлес қосып жүрген осындай педагогтерді әрдайым қолдайды. Білім беру саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Наталья Викторовна Сафиулинаға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы беріледі.

Сондай-ақ руханиятымыздың өрісін кеңейтуге зор үлес қосып жүрген өнерпаз, танымал опера әншісі Талғат Маратұлы Мұсабаевқа «Қазақстанның халық әртісі» атағы беріледі.

Өнер қайраткерлерімен қатар, мәдениет саласын зерттеген ғалымдардың да еңбегі зор құрметке лайық. Осы орайда, музей ісін дамытуға және тарихи-мәдени мұрамызды сақтауға белсене атсалысып жүрген белгілі өлкетанушы Бауыржан Өзбекәліұлы Жәнібековке «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы беріледі.

Сонымен қатар ұлағатты ұстаз, өнертанушы ғалым Эльмира Сәкенқызы Сұлтанғалиеваға «Құрмет» ордені табысталады.

Жұмысшы мамандық иелері еліміздің өркендеуіне белсене атсалысып келеді. Қазір осы жерде адал еңбегімен зор табысқа жеткен нағыз еңбек адамдары отыр. Бұл орайда «Астана-Көгалдандыру құрылысы» мекемесінің қызметкері Дидар Телжанұлын ерекше атап өтуге болады.

Осы саладағы игі істер мен Президент ретінде ұсынған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасымен тығыз байланысты. Бұл бүкіл елімізге өте қажетті жұмыс деп айтсақ, қате болмайды. Өйткені көшелеріміз таза болмаса, әрбір жерде ағаш пен гүлдер көп егілмесе, азаматтарымыз табиғатқа қамқор болмаса, еліміз де жасампаз болмайды. Бұл – анық нәрсе. Бұл – Үкімет болсын, Құрылтай болсын, құқық қорғау мекемелері болсын, жергілікті билік өкілдері мен басқа да мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың, барлық жоғары оқу орындарының, мектептердің ортақ парызы. Басқа сөзбен айтқанда, бұл – жалпыұлттық қозғалыс. Бүгін елордамызды көркейтуге елеулі үлес қосқан білікті маманға «Құрмет» ордені беріледі.

Ал «Астана орманы» ұйымында табысты жұмыс істеп жүрген Аманжол Төкенұлы Үйсінбаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады.

Осы айтулы күнде біз Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданынан келген механизатор Сергей Николаевич Пустыльниковке лайықты құрмет көрсетеміз. Ол отыз жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында жемісті жұмыс істеп, жиған тәжірибесін жас буынға үйретіп келеді. Адал еңбегі мен толайым табысы үшін Сергей Николаевич Пустыльников ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталады.

Біз ұлт саулығын нығайту және зияткер ұрпақ тәрбиелеу ісіне баса мән беріп отырмыз. Ұстаздар мен дәрігерлер қауымына жан-жақты қолдау көрсету және олардың еңбегіне зор құрметпен қарау – маңызды міндет.

Бүгін аға мейірбике Анар Рахманбекқызы Әбдіқұловаға және ұлағатты ұстаз Сәлима Ибраиымқызы Жұмамұратоваға «Шапағат» медалі табысталады.

Қоғамдық келісім – егемендігіміздің мызғымас кепілі. Бүгін ырысты ынтымағымызды нығайту жолында жемісті еңбек етіп жүрген бір топ азаматқа «Ел бірлігі» ордені табысталады.

Сонымен бірге бүгін мемлекетімізді көркейтуге белсене атсалысқан, адал еңбегімен көпке үлгі болған 2 мыңнан астам азамат марапатталады. Соның ішінде 270-ке жуық білім-ғылым, денсаулық сақтау саласының қызметкеріне, 473 жұмысшы мамандығы өкілдеріне және 129 еңбек ардагеріне, сондай-ақ, 200-ден астам шағын және орта бизнес өкіліне мемлекеттік награда тапсырылады.

Бәріңізге құтты болсын!

Еліміздің абыройын асырып жүрген еңбек адамдарына құрмет көрсету – мемлекеттік саясатымыздың өзегі. Мен Республика күні қарсаңында сіздерге және барша отандастарымызға шынайы ризашылығымды білдіремін.

Мемлекеттігіміздің мызғымас тұғыры мәңгі болсын!

Қастерлі Отанымыз – Қазақстан өсіп-өркендей берсін!