Еуропада адамнан бұрын кездеспеген вирус табылды

Қазір мамандар оның вирусты қалай жұқтырғанын және инфекцияның ауру ағымына қаншалықты әсер еткенін зерттеп жатыр.

Францияда бұрын негізінен жануарлар арасында кездескен Shamonda вирусы алғаш рет адамнан анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Вирус жұқтырған ер адам 2026 жылғы қазанда қайтыс болған. Дегенмен мамандар оның өліміне дәл осы инфекция себеп болғанын әзірге растаған жоқ.

The Guardian басылымының 22 қазандағы мәліметінше, науқастың денсаулығында бұған дейін де күрделі мәселелер болған және иммундық жүйесі әлсіреген. Қазір мамандар оның вирусты қалай жұқтырғанын және инфекцияның ауру ағымына қаншалықты әсер еткенін зерттеп жатыр.

Shamonda вирусы негізінен ірі қара, қой және ешкі сияқты ауыл шаруашылығы жануарларында кездеседі. Ол ұсақ қансорғыш жәндіктер арқылы таралады. Жануарларда инфекция тәбеттің төмендеуіне, іш өтуге, сүт өнімділігінің азаюына және төлдің дамуындағы ауытқуларға әкелуі мүмкін. Бұған дейін вирус Еуропадан тыс аймақтардағы жануарлардан анықталған. Ал биыл жазда оның Еуропадағы ауыл шаруашылығы жануарлары арасында да кездесетіні белгілі болды.

Мамандардың айтуынша, бұл – Shamonda вирусының адамнан анықталған алғашқы белгілі жағдайы. Сондықтан оның адам ағзасына қалай әсер ететіні туралы мәлімет әзірге жеткіліксіз. Инфекцияның дені сау адамдарға жұғу ықтималдығы, қандай белгілер тудыратыны және ауыр асқынуға әкелу қаупі қосымша зерттелуі керек.

Қазіргі деректер бойынша, вирустың адамнан адамға тұрақты таралатынына дәлел жоқ. Сарапшылар халық үшін қауіп деңгейі өте төмен екенін атап өтті. Сондықтан Франциядағы жағдай жаңа індет басталды дегенді білдірмейді.