Қазақстанда тұрғын үй сатып алғысы келетін азаматтар үшін ипотека рәсімдеудің жаңа мүмкіндігі пайда болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
15 қазаннан бастап Отбасы банк кейбір клиенттерге алты ай күтпей, аралық тұрғын үй заемын рәсімдеуге мүмкіндік беретін тетікті іске қосты.
Бұған дейін аралық заем алу үшін депозиттің бағалау көрсеткіші кемінде бес балға жетуі қажет болатын. Бұл талапты орындау үшін салымшыларға белгілі бір уақыт күтуге тура келетін. Енді құрылыс компанияларымен серіктестік аясында сатылатын пәтерлерді сатып алғанда аталған күту мерзімі қолданылмайды.
Дегенмен бастапқы жарнаға қатысты негізгі талап сақталған. Клиент депозитіне тұрғын үй құнының кемінде 50 пайызын жинауы керек. Аралық заемның бастапқы сыйақы мөлшерлемесі жылдық 8,5 пайызды құрайды. Кейін несие шарттарына қарай мөлшерлеме 3,5-5 пайызға дейін төмендеуі мүмкін.
Ипотека рәсімдеу үшін құрылыс компаниясынан таңдалған пәтердің брондалғанын растайтын хат қажет. Сондықтан жаңа мүмкіндік барлық баспанаға бірдей қолданылмайды. Ол банктің серіктес құрылыс компаниялары ұсынатын тұрғын үйлеріне қатысты.
Сонымен қатар «Наурыз» бағдарламасы бойынша несие алуға мақұлдау алған, бірақ пәтер таңдап үлгермеген азаматтарға қосымша уақыт берілді. Бұрын олардың мақұлдау мерзімі 12 қарашада аяқталуы тиіс болса, енді 30 желтоқсанға дейін ұзартылған. Бұл өзгеріс шамамен 2 000 адамға қатысты.