50 зейнеткер Балқаш жағасындағы шипажайда тегін демалады

Әр демалушының денсаулық жағдайы мен физикалық мүмкіндіктері ескеріліп, жеке сауықтыру бағдарламасы әзірленеді.

Қарағанды облысының 50 зейнеткері Балқаш жағасындағы шипажайға тегін демалуға аттанды. Он күн бойы олар ем қабылдап, тынығып, өзара араласып, уақыттарын пайдалы өткізеді. Аға буын өкілдерінің денсаулығын нығайтуға бағытталған бұл жоба облыс басшылығының бастамасымен әлеуметтік серіктестердің қолдауымен төртінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Шипажайға облыстың түрлі қалалары мен аудандарынан еңбек ардагерлері жолға шықты. Жол бойында оларға медицина қызметкерлері мен полиция қызметкерлері еріп жүрді. 

Қонақтарды Приозерск қаласындағы «Балқаш» емдеу-сауықтыру кешені қабылдады. Мұнда олар медициналық ем-дом алып қана қоймай, бассейнді, саунаны, спорт және жаттығу залдарын пайдалана алады. Әр демалушының денсаулық жағдайы мен физикалық мүмкіндіктері ескеріліп, жеке сауықтыру бағдарламасы әзірленеді.

Шахтинск қаласының тұрғыны Ольгина Писарева жақында 90 жасқа толады. Ол ұзақ жылдар бойы математика пәнінің мұғалімі болып еңбек еткен. Ал шипажайда демалмағанына көп уақыт болыпты. Енді оның денсаулығын күтіп, күш-қуатын қалпына келтіруге әрі жаңа әсер алуға он күн уақыты бар.

–  Осындай игі бастаманың қолға алынғанына қуаныштымыз. Ем-дом қабылдап қана қоймай, бір-бірімізбен араласып, әңгіме-дүкен құрамыз. Қызығушылығымызға қарай түрлі үйірмелер ашылып, шығармашылық кештер ұйымдастырылады деп ойлаймын, –  деді Ольгина Писарева.

Абай қаласының 80 жастағы тұрғыны Раиса Қойлыбаева үшін бұл сапар – денсаулығына көңіл бөліп, күнделікті тіршіліктің қарбаласынан бір сәт тынығуға берілген мүмкіндік.

–  Мемлекет еңбек ардагерлеріне үлкен көңіл бөледі. Денсаулығымызды жақсарту үшін шипажайға жолдама беріледі. Бұдан бөлек, қарт адамдардың белсенді өмір салтын ұстануына арналған көптеген бағдарлама бар, –  деді зейнеткер.

Ал Теміртау қаласынан келген 75 жастағы Любовь Лащенкова мұндай сыйға алғаш рет ие болып отырғанын айтты.

–  Өмірдегі ең басты байлық – денсаулық. Бізге осындай құрмет көрсетіп, аға буын өкілдеріне қамқорлық танытқандары үшін алғысымды білдіремін. Сапарға ерекше қуанышпен аттанып барамыз. Бұл –  тынығып, күш-қуат жинауға берілген тамаша мүмкіндік, –  деді ол.

Облыс әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков жобаның алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

–  Облыс әкімінің бастамасымен және бизнес өкілдерінің қолдауымен аға буын өкілдерін Приозерск қаласындағы шипажайға төртінші рет жіберіп отырмыз. Он күн ішінде олар қажетті ем-дом қабылдайды. Бұл бастама игі дәстүрге айналды. Алдағы уақытта да оны жалғастырамыз, –  деді Ораз Тәуірбеков.

Жоба зейнеткерлердің денсаулығын нығайтуға, өмір сапасын жақсартуға және белсенділігін сақтауға бағытталған. Бұл –  халықты әлеуметтік қорғау саласындағы маңызды бағыттардың бірі.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ