Жұмыссыз қалғандарға төленетін ақша азая ма: 2027 жылдан бастап жаңа тәртіп енгізіледі

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының мәліметінше, әлеуметтік аударымдары 6 айдан 12 айға дейін жүргізілген азаматтарға төлем бір айға тағайындалады.

Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік төлем тағайындау тәртібі өзгереді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жаңа ережеге сәйкес, жәрдемақы төлеу мерзімі азаматтың әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына қарай қайта есептеледі. Қазір алты айға дейін берілетін төлемнің ең ұзақ мерзімі үш айға қысқарады.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының мәліметінше, әлеуметтік аударымдары 6 айдан 12 айға дейін жүргізілген азаматтарға төлем бір айға тағайындалады. Қалған санаттар үшін де әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі ескеріледі. Жаңа талаптар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Ал биыл жұмыссыз ретінде тіркелген және қолданыстағы талаптарға сай келетін азаматтарға төлем бұрынғы тәртіппен беріледі.

Өзгерістер әлеуметтік төлем алушылардың жұмысқа орналасуын жеделдетуге бағытталған. Осы мақсатта 2026 жылғы 1 қазаннан бастап пилоттық жоба іске қосылған. Оның аясында мансап орталықтары жұмысынан айырылған азаматтарға қолдау көрсетудің жаңа тәсілдерін сынақтан өткізеді.

Жаңа тәртіпке сәйкес, жүктілік пен босануға немесе бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алып жүрген азаматтар жұмыссыз ретінде тіркелмейді. Мұндай шектеу еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы және арнайы әлеуметтік төлем алушыларға да қатысты. Сондықтан 2027 жылдан бастап жұмыссыздық бойынша жәрдемақы рәсімдеуді жоспарлаған азаматтар жаңа талаптарды алдын ала ескергені жөн.