– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен бәріміз бір ел болып, ауқымды саяси реформаларды табысты жүзеге асырдық. Егемендіктің берік тұғырына айналған жаңа Конституциямыз заңды күшіне еніп, мемлекеттік басқару жүйесі түбегейлі қайта жаңғырды. Қазақстан азаматтарының жасампаз рухының арқасында бірегей саяси оқиғаларды жауапкершілікпен әрі жоғары ұйымшылдықпен атқарып, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін аса маңызды бастамаларды қолға алдық, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр еліміздің әрбір маңызды жетістігі өз ісіне шынайы берілген адамдардың күнделікті еңбегіне байланысты екенін атап өтті. Мемлекеттік наградалар – еліміздің дамуына үлес қосқан азаматтарымыздың қажырлы еңбектеріне деген құрмет пен лайықты бағалаудың көрінісі. Еңбек адамының рөліне және «Адал азамат» құндылықтарына ерекше мән берілді. Бұл идеяның негізінде еңбекқорлық, іскерлік, жауапкершілік пен білімге деген ұмтылыс жатыр. Еліміздің одан әрі дамуы Президенттің Әділетті, Озық, Күшті әрі Таза Қазақстанды құру бағытын жүзеге асыруда барлық қазақстандықтың бірлескен күш-жігерін қажет етеді.