Көкшетауда жыр додасы өтті: республикалық байқаудың жеңімпаздары анықталды

Өнерпаздар «Қобыланды батыр», «Қарға», «Парпария», «Алпамыс батыр», «Сырым батыр» және «Батыр Баян» жырларын нақышына келтіре орындап, тыңдарманды терең жыр әлеміне жетеледі.

Көкшетау төрінде қазақтың көнеден жеткен жыршылық өнері қайта жаңғырып, батырлар рухын асқақтатқан республикалық өнер додасы өтті. Мәлік Ғабдуллин музейінің ұйымдастыруымен өткен «Мәлік – ғұмыр, жыр – дастан» байқауында еліміздің әр өңірінен жиналған жыршылар бақ сынап, ұлттық мұраның құдіретін көпшілікке паш етті, деп хабарлайды  Aikyn.kz порталының тілшісі.

Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының сахнасында өткен байқау дәстүрлі жыршылық өнердің қадір-қасиетін дәріптеп, ұлттың рухани жадында сақталған батырлар жырын бүгінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат етті. Өнерпаздар «Қобыланды батыр», «Қарға», «Парпария», «Алпамыс батыр», «Сырым батыр» және «Батыр Баян» жырларын нақышына келтіре орындап, тыңдарманды терең жыр әлеміне жетеледі.

Ғасырлар қойнауынан жеткен жырлар арқылы халқымыздың ерлік тарихы, елдік мұраты мен рухани құндылықтары жаңғырып, дәстүрлі өнердің өміршеңдігі тағы бір мәрте айқындалды. Байқау жас ұрпақтың ұлттық мұраға деген қызығушылығын арттырып, жыршылық дәстүрдің сабақтастығын сақтауға бағытталған маңызды мәдени шараға айналды.

Бас жүлде Батыс Қазақстан облысының жыршысы Фархат Оразовқа бұйырды. Ал Қызылорда облысының өкілі Марат Сүгірбай бірінші орынды иеленді. Жетісу облысынан келген Нүрәли Есхат екінші орынға лайық деп танылса, үшінші орын Ақтөбе облысының намысын қорғаған Бақыт Арыстанғалиеваға бұйырды. Қостанай облысының жыршысы Абзал Алпыс пен Ақмола облысының өкілі Нүридден Охиттан ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Республикалық байқау қазақтың дәстүрлі жыршылық өнерін насихаттап қана қоймай, ұлттық руханияттың алтын арқауын жалғаудың маңызын көрсетті. Өйткені батырлар жыры өткеннің ескерткіші ғана емес, ұрпаққа өнеге беретін, елдік рухты асқақтататын баға жетпес мұра. Осындай іргелі шаралар арқылы бабалар аманаты жаңғырып, жыр өнерінің жарқын жолы жалғаса бермек.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы