Ұлттық мереке қарсаңындағы игі іс

Республика күні қарсаңында Түркістан облысында экономикалық және әлеуметтік маңызы бар бірқатар жоба жүзеге асырылды.

Өңірде 120-дан астам мерекелік іс-шара ұйымдастыру жоспарланған. Сонымен қатар жаңа өндіріс орындары іске қосылып, медициналық, мәдени және спорт нысандары ел игілігіне берілуде. Бұл бастамалар өңірдің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, халықтың сапалы қызметтерге қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Өңірдің өнеркәсіптік әлеу­етін дамытуда ауыл шаруашы­лы­ғы шикізатын терең өңдеу мен отандық өндірісті өркендетуге ерекше мән беріліп отыр. Рес­пуб­лика күні қарсаңында Орда­басы ауданында мал сүйегінен өнім өндіретін және алюминий компо­зиттік панельдер шығара­тын екі кәсіпорын іске қосылды. Темірлан елді мекеніндегі Huating Biotechnology зауытының жобалық құны 9 млрд теңгені құрайды. Кәсіп­орын жылына 5 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Жобаның алғашқы кезеңіне 2,5 млрд теңге инвес­ти­ция салынып, 100 жұмыс орнын ашу көзделген. Мұнда мал сүйе­гінен пептон компоненттерін өндіру қолға алынып, келешекте желатин өндірісін жолға қою жос­парланып отыр. Бұл ауыл шаруа­шылығы шикізатын тиімді пайда­лануға және қосылған құны жоғары өнім өндіруге мүм­кіндік береді.

Ал Ақбұлақ елді мекенінде ашылған алюминий композиттік панельдер зауытына 2,9 млрд теңге инвестиция бағытталған. Кәсіпорын жылына 3 млн шар­шы метр құрылыс материалын өндіре алады. Мұнда 50 адамды жұмыс­пен қамту жоспарланған. Өнім ішкі нарықтың сұранысын қамта­масыз етуге, импортқа тәу­ел­ді­лікті азайтуға және болашақ­та Орталық Азия елдері мен Ре­сейге экспорт көлемін ұлғай­туға бағыт­талған. Екі жобаның да іске қос­ыл­уы өңірде өңдеу өнер­кәсі­бін дамытуға, жаңа жұмыс орын­дар­ын ашуға және экономиканы әр­та­раптандыруға ықпал етеді.

Өнеркәсіппен қатар халыққа көрсетілетін әлеуметтік қызмет­тердің сапасы мен қолжетім­ді­лігін арттыру да маңызды міндет болып қала береді. Республика күні қар­саңында Сарыағаш аудан­ының Ақжар елді мекенінде жаңа дәрі­герлік амбулатория ашылды. Құны 216 млн теңге бола­тын нысан 8 мыңнан астам тұрғынға медици­налық көмек көрсетуге арналған. Жалпы ауда­ны 460 шаршы метр ғимарат за­ма­науи медициналық жабдық­тармен қамтамасыз етіліп, 13 жұ­мыс орны ашылған. Бұл ауыл тұрғындарының медициналық қыз­метке қолжетімділігін артты­рып, денсаулық сақтау инфра­құры­лымын жақсартуға мүмкін­дік береді.

Сарыағаш ауданының Жона­рық елді мекенінде де ауыл тұр­ғындары үшін маңызды нысан пайдалануға берілді. 565,6 млн теңгеге салынған 200 орындық мәдениет үйінде кітапхана мен шығармашылық үйірмелер жұ­мыс істейді. Кітапхана қорында 8 800 кітап бар. Жаңа ғимаратта 13 жұмыс орнын ашу көзделген. Мәдениет ошағы ауыл тұрғын­дарының бос уақытын тиімді ұйым­дастыруға, жастардың шы­ғар­машылық қабілетін дамытуға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге жағдай жасайды.

Спорт инфрақұрылымын жаң­ғырту бағытында Сарыағаш қаласындағы орталық стадион күрделі жөндеуден өтіп, қайта пайдалануға берілді. Жобаның құны 807,5 млн теңгені құрайды. Сыйымдылығы 1 000 орындық стадионда футбол алаңы жаңар­тылып, 400 метрлік жүгіру жолы, шағын футбол және воркаут алаң­дары жабдықталған. Көрер­мен­дерге арналған орындар жа­ңар­тылып, мүмкіндігі шектеулі аза­маттарға 20 арнайы орын қарас­­тырылған. Алдағы уақытта мұнда бес жаттықтырушының жетекші­лігімен 200-ге жуық оқу­шы спорт­пен шұғылданады. Жаң­ғыртылған нысан бұқаралық спортты дамы­туға, жас спорт­шылардың шебер­лігін шыңдауға және түрлі дең­гейдегі жарыстар өткізуге мүм­кін­дік береді.

Мерекелік бағдарлама да маз­мұнды іс-шараларға толы. 23 қазанда Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» кешенінде «Қы­ран елім – Қазақстаным» салта­натты іс-шарасы өтсе, осы күні 80 орындық Шейх Мұхаммед бин Заид Әл Нахаян атындағы пер­зентхана ашылды. «Жайнай бер, Түркістан!» гала-концерті ұйым­дастырылды. Сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи атындағы Ха­лық­аралық қазақ-түрік универ­сите­тінде егеменді даму мен жаңғыру тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті.

24 қазанда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық ак­циясы аясында «Turkistan Mara­t­hon – 2026» халықаралық мара­фо­нына қатысатын отандық және шетелдік спортшылардың қаты­суымен ағаш отырғызу іс-шарасы болды. 25 қазанда Түр­кістан қала­сында бұқаралық ма­ра­фондық жүгіру мен Мемле­кеттік туды көтеру рәсімі өтеді.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы