Былтыр Республика күні қарсаңында ашылған нысан бұрын бос жатқан аумақты тұрғындардың тынығуына, отбасымен серуендеуіне және мәдени-көпшілік шараларға қатысуына арналған кеңістікке айналдырды. Бір жылдың ішінде саябақтың қала өміріне етене араласуы қоғамдық инфрақұрылымға салынған инвестицияның нақты әлеуметтік мәнін көрсетеді.
Қалалық саябақтар – тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін әлеуметтік инфрақұрылымның маңызды бөлігі. Олар адамдардың демалуына мүмкіндік беріп қана қоймай, әртүрлі буын өкілдерінің араласуына, қоғамдық байланыстардың нығаюына жағдай жасайды. Әсіресе жаңа ықшам аудандарда осындай орындардың болуы қолайлы әрі өмір сүруге жайлы ортаның қалыптасуына ықпал етеді.
Жалпы аумағы шамамен 53 мың шаршы метрді құрайтын саябақта серуен жолдары, демалыс аймақтары, сахна және мәдени-көпшілік іс-шараларға арналған ашық алаңдар қарастырылған. Көгалдандыру жұмыстары бары-сында мыңға жуық қарағай мен шырша көшеті, 9 500-ден астам сәндік бұта және 8 000-ға жуық көпжылдық гүл егілген. Сонымен қатар 24 мың шаршы метр аумақ көгалдандырылып, 20 370 шаршы метр жерге брусчатка төселген. Тағы 20 480 шаршы метр аумаққа асфальт жабындысы жайылған.
Бұл көрсеткіштер нысанның ауқымын ғана емес, оның функционалдық мүмкіндіктерін де аңғартады. Жасыл желек саябақтың эстетикалық сипатын арттырса, серуен жолдары мен демалыс аймақтары тұрғындардың бос уақытын жайлы өткізуіне жағдай жасайды. Ашық сахна мен мәдени іс-шараларға арналған алаңдар қоғамдық кеңістіктің мүмкіндігін кеңейтіп, қаланың мәдени тынысына серпін береді. Дегенмен мұндай жобаның нәтижесі құрылыс жұмыстарының аяқталуымен өлшенбейді. Отырғызылған көшеттердің жерсінуі, жасыл желектің сақталуы, аумақтың тазалығы мен инфрақұрылымның жарамды күйде болуы тұрақты бақылауды қажет етеді. Саябақтың ұзақмерзімді құндылығы оны күтіп-баптау сапасына да байланысты. Сондықтан алдағы кезеңде көгалдандырылған аумақты күтіп ұстау, суару жүйесінің тиімділігін қамтамасыз ету, жарықтандыру мен қауіпсіздік мәселелеріне назар аудару маңызды. Қоғамдық кеңістіктің шынайы сапасы тұрғындарға бір маусым емес, жыл бойы қолайлы жағдай жасай алуымен айқындалады.
Саябақтың ерекшелігін айқындайтын нысанның бірі – «Алтын адам» ескерткіші. Ол қоғамдық кеңістіктің сәулеттік келбетін толықтырып қана қоймай, қазақ халқының тарихи мұрасы мен ұлттық болмысын танытатын символдық мәнге ие. «Алтын адам» – ежелгі дала өркениетінің мәдени жетістіктерін, зергерлік өнердің жоғары деңгейін және ата-бабалар мұрасын бейнелейтін тарихи нышан. Оның заманауи саябақта орналасуы өткен мен бүгіннің арасындағы рухани сабақтастықты көрсетеді.
Саябақтың биіктен түсірілген көрінісінде киіз үй бейнесінің бедерленуі де ұлттық нақышты айқындай түседі. Қазақ халқының дәстүрлі мәдениетіндегі киіз үй – тұрмыс-тіршіліктің ғана емес, бірлік пен тұтастықтың, қонақжайлық пен кеңдіктің де белгісі. Осылайша, саябақтың сәулеттік шешімдері ұлттық мәдениетті қоғамдық кеңістік арқылы танытуға мүмкіндік береді. Бұл – әсіресе жас ұрпақ үшін маңызды. Тарихи нышандарды күнделікті өмірде көріп, олардың мағынасын танып-білу балалар мен жастардың ұлттық мұраға деген қызығушылығын арттыра алады. Егер мұнда тарихи-танымдық кездесулер, ашық дәрістер, ұлттық мәдениетке арналған бағдарламалар тұрақты ұйымдастырылса, саябақтың тәрбиелік әлеуеті де арта түспек. Сонда ол тек демалыс орны емес, мәдени-ағартушылық жұмыстар жүргізілетін ортаға айналады.
Кез келген қоғамдық нысанның тиімділігін оның тұрғындар өміріне қаншалықты сіңісіп кеткенінен байқауға болады. Қарағайлыдағы саябақтың бір жыл ішінде отбасылық серуенге, балалардың ойын-сауығына және мәдени-көпшілік іс-шараларға арналған орынға айналуы – соның бір көрінісі.
Қарағайлы ықшам ауданының тұрғыны Нұрлыбек Қалиұлы немерелерін ертіп саябаққа келгенде, бұрын бос жатқан аумақтың көрікті демалыс орнына айналғанына қуанышты екенін жеткізді.
– Бұрын бұл жақ бос жер болатын, ал қазір осындай әдемі, жайлы демалыс орны пайда болды. Айналасы жасыл желекке толы, балаларға арналған ойын алаңдары мен «Алтын адам» ескерткіші ерекше көрік беріп тұр. Отбасымен серуендеп, демалуға таптырмас орын, – дейді тұрғын.
Семейдің Қарағайлы ықшам ауданындағы саябақтың бір жылдық тәжірибесі қоғамдық кеңістіктердің қала дамуы үшін маңызын көрсетеді. Мұндай нысандардың пайда болуы бос жатқан аумақтарды тиімді игеруге, тұрғындардың демалыс мүмкіндіктерін кеңейтуге және мәдени іс-шараларды өткізуге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Алайда бір саябақ қаланың барлық мәселесін шешпейді. Оның маңызын қалалық ортаны кешенді дамыту аясында қарастырған жөн. Әр ықшам ауданда серуендеуге, тынығуға және мәдени өмірге араласуға мүмкіндік беретін қоғамдық орындар көбейсе, тұрғындардың өмір сүру сапасы да жақсара түспек.
Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ,
Абай облысы