Технологиялық төңкеріс баршаға бірдей мүмкіндік бере ала ма? Әйелдердің қоғамдағы рөлі қаншалықты артты? Ал адамзаттың болашағына ықпал ететін шешімдерді кім және қандай құндылықтарға сүйеніп қабылдауға тиіс? Алматыда өткен Be Woman Asia 2026 халықаралық форумында осы және өзге де түйткілдер кеңінен талқыланды.
Форумның биылғы тақырыбы «Этикалық күш» деп аталады. Мінберде әйелдердің шешім қабылдау деңгейіндегі рөлі, білім мен кәсіптегі мүмкіндіктері, гендерлік теңдік және жасанды интеллектінің (ЖИ) қарқынды дамуы сынды көкейкесті мәселелер көтерілді. Мәселен, «БҰҰ-әйелдер» жаһандық құрылымының өкілі Джерен Гювен Гюрестің мәлімдеуінше, қазіргі қарқын сақталған жағдайда гендерлік теңдікке толық қол жеткізу үшін әлі 171 жыл қажет болуы ықтимал. Ал ЖИ саласындағы мамандардың небәрі 22 пайызы – әйелдер. Бұл дегеніміз, бір жағынан, адамзат технологиялық дамудың бұрын-соңды болмаған кезеңін бастан өткеріп жатса, екіншіден, сол дамуға тең дәрежеде қатысу мүмкіндігі әлі де өткір тақырып.
Жасанды интеллект: Тізгін кімнің қолында?
Қазір бірі ЖИ еңбек нарығын түбегейлі өзгертеді деп алаңдаса, енді бірі оны уақытты үнемдеп, тың идеяларды іске асырудың тиімді құралы санайды. Ал Zuckerberg Media компаниясының негізін қалаушы Рэнди Цукерберг екінші көзқарасты ұстанатынын аңғартты. Танымал кәсіпкердің пікірінше, технологиялық өзгерістерден қорқудың қажеті жоқ. Керісінше, жаңа жағдайға бейімделіп, оны өз пайдаңа жарата білу маңыздырақ.
– Қазір мені ерекше қызықтыратын бағыт – жасанды интеллект. Меніңше, ол адамдың рөлін алмастырмайды, қайта, біздің сенімді көмекшімізге айналады. Күнделікті қайталанатын міндеттерді ЖИ-ге тапсыру арқылы өзіміз жақсы меңгерген, шығармашылық қабілетімізді қажет ететін жұмысқа көбірек уақыт бөле аламыз. Әсіресе кәсіпкерлер үшін мұның мүмкіндігі зор. Бірақ технологияны пайдаланғанда этика, қауіпсіздік және деректердегі біржақтылық мәселесін естен шығармауымыз тиіс. Мен ЖИ-ді күнделікті өмірде де, спортта да қолданамын. Мысалы, Мексикада өтетін 135 шақырымдық жарысқа дайындалған кезде өзіммен бірге қажетті су қорын алып жүрудің және жүгіру жылдамдығын сақтаудың жолын таба алмадым. Сол кезде ЖИ маған суды таудың басына жеткізу үшін есек жалдауды ұсынды. Бұл күтпеген шешім болды. Бірақ ол жарыс жолын жылдам еңсеріп, рекорд орнатуыма көмектесті, – деді ол.
Соған қарамастан, кәсіпкер ақылды жүйелердің қарқынды дамуы адамдар арасындағы шынайы қарым-қатынастың құнын төмендетпеуге тиіс деген пікірін білдірді. Сонымен қатар Гарвард университетінің түлегі, Facebook компаниясында еңбек етіп, Facebook Live жобасын іске қосуға қатысқан Рэнди Цукерберг кәсіби жетістікке жетудің бір ғана жолмен шектелмейтінін өз тәжірибесі арқылы баяндады. Әлеуметтік желі саласында табысты мансап құрған ол кейін компаниядан кетіп, жаңа жобаларға ден қойған.
– Технологиялар өмірімізге неғұрлым терең енген сайын, біз шынайы қарым-қатынасқа соғұрлым мұқтаж бола түсеміз. Адамға саяхаттау, спортпен айналысу, бір-бірімен жүздесу, жақындарының жанында болу әрқашан маңызды. Мұны ешқандай технология алмастыра алмайды. Тағы бір айтқым келетіні, жаңа мүмкіндіктерден қорықпауымыз қажет. Қырық жастан асқаннан кейін де мүлде басқа саланы меңгеріп, жаңа кәсіптің маманы атануға болады. Менің әлеуметтік желіден Бродвейге, ЖИ мен ультрамарафонға дейінгі жолым – соның дәлелі, – деді Рэнди Цукерберг.
Ал психология және технология этикасы жөніндегі сарапшы Натали Нахай өз сөзінде ЖИ-дің мүмкіндігі зор екенін жоққа шығармайтынын, бірақ оның ұсынған әрбір жауабын абсолютті шындық деп қабылдауға болмайтынын жеткізді. Өйткені бұл технология қате ақпаратты, бұрын қалыптасқан теріс түсініктерді қайталауы ықтимал. Одан бөлек, ЖИ адаммен сөйлескенде оның көңіл күйін түсініп, жанашырлық танытқандай болады. Бірақ маман технологияның адамға ұқсап жауап беруі оның бізді шын түсінетінін білдірмейді дейді.
– Мені алаңдататын мәселенің бірі – адамдардың біртіндеп өз бетінше ойлану мен шешім қабылдау жауапкершілігін технологияға жүктей бастауы. Егер біз әрбір сұрағымыздың жауабын алгоритмнен іздеп, оның ұсынысына күмән келтірмей әрекет етсек, сыни ойлау қабілетіміз бен таңдау еркіндігімізге қауіп төнеді. Қазір жастардың бір бөлігінің цифрлық ортадан саналы түрде алыстап, шынайы өмірге көбірек көңіл бөлуге ұмтылуы да кездейсоқ емес. Бұл – адамның өз өмірін бақылауды қайтаруға деген талпынысы. Технология адамға қызмет етуі керек, бірақ оны басқармауға тиіс, – деді Натали Нахай.
Кино арқылы заңға қозғау салған күрескер
Енді мына бір аянышты оқиғаға назар аударыңыз. Әлемнің кейбір елдерінде қыз баланың дүниеге келуін өкінішпен пара-пар деп қабылдайтындар болған. Тіпті отбасының ар-намысын сылтау етіп, әйелдің өмірін қиюға дейін баратын қатыгез түсініктер де кездеседі. Форумда мінберден сөз алған «Оскар» сыйлығының екі дүркін иегері, бірнеше мәрте «Эмми» сыйлығын жеңіп алған, TIME нұсқасы бойынша әлемдегі ең ықпалды 100 адам тізіміне енген режиссер Шармин Обайд-Чиной өнер арқылы қоғамдық стереотиптерді бұзып, заңнамалық өзгерістерге ықпал етуге болатынын көрсетті.
Карачи қаласында бес қыздың тұңғышы болып өскен Шармин бала кезінен қыз баланы отбасына ауыртпалық санайтын көзқараспен бетпе-бет келген. Кейін осы әділетсіздік оны әйелдер құқығын қорғауға жетелейді. 17 жасынан журналистикаға араласқан ол қоғам назарынан тыс қалған әйелдердің тағдырын деректі кино арқылы көрсетуді мақсат етеді. Оның Saving Face фильмінде қышқыл шабуылынан зардап шеккен әйелдердің өмірі баяндалса, A Girl in the River туындысында «отбасы ар-намысы» үшін өлтірілмек болған әйелдің оқиғасы көрсетілген. Соңғы фильм «Оскар» сыйлығына ұсынылғаннан кейін режиссер көпшіліктің алдында Пәкістан билігін заңнаманы өзгертуге шақырады. Нәтижесінде, елде «ар-намыс үшін кісі өлтіруге» қатысты заңға өзгерістер енгізілді.
– Бала күнімде туыстарымыздың бірі анама: «Бес қызың бар екеніне жаным ашиды», – дегені есімде. Бұл сөз мені ашуландырды. Өмірімді әйелдер құқығын қорғауға арнауыма түрткі болған себептердің біріне айналды. Балалық шағымда қайыр сұрауға мәжбүр болған кішкентай қызды да көрдім. Сол кезде адам тағдырының өмірлік жағдайларға қаншалықты тәуелді екенін түсіндім. Бүгінде бар мақсатым – өзгелерге мүмкіндік жасау. Мен Пәкістанда Pataka Pictures киноқорын құрдым. Бұл қор әйелдерге өз оқиғаларын баяндауға, кино арқылы қоғамдағы өзгерістерге ықпал етуге көмектеседі. Бір адамның екінші адамға мүмкіндік беруі оның өмірін қаншалықты өзгерте алатынын жақсы түйсінемін. Сондықтан мұндай мүмкіндіктің мейлінше көп әйелге бұйырғанын қалаймын, – деді Шармин Обайд-Чиной.
Білімдегі басымдық, табыстағы теңсіздік
Мәселенің тағы бір екінші қыры бар. Әйел теңсіздігі әрқашан ашық қысым мен зорлық-зомбылықтан тұрмайды. Көп жағдайда бұл қоғам қалыпты жағдай деп қабылдайтын күнделікті тұрмыстың өзінде көрініс табады. Қыз баланы білім алуға үндеген қоғам сол білімін кәдеге жаратуына қаншалықты жағдай жасап отыр? Әйгілі Гарвард түлегі, Tilu мектебінің негізін қалаушы, АҚШ-тағы AI-компаниясының президенті Әсел Амангелді осы қайшылыққа назар аударды. Оның пайымынша, мәселе әйелдің білім деңгейінде ғана емес, сол білімін кәсіби жетістікке айналдыруына қоғамның қаншалықты дайын екенінде.
– Қазақстанда әйелдер көбіне еңбекақысы салыстырмалы түрде төмен білім беру және денсаулық сақтау салаларында жұмыс істейді. Мен баяндамамда да осы мәселеге тоқталдым. Ресми дерекке сүйенсек, елімізде әйелдердің орташа жалақысы ерлерге қарағанда 28 пайызға, яғни шамамен 146 мың теңгеге төмен. Қыздардың білім деңгейі жоғары бола тұра, табыста мұндай айырмашылықтың сақталуы терең зерттеуді қажет етеді, – деді Әсел Амангелді.
Сайып келгенде, өркениетті қоғам дегеніміз өзгерістің адам өміріне тигізген оң әсерімен өлшенеді. Ал шынайы өзгеріс биік мінберлерде айтылған бастамалар нақты нәтижеге айналғанда ғана көрініс табады.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы