Декларация – дербестік бастауы

«Қазақ КСР Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация қазіргі қазақ мемлекетті­лігінің саяси-құқық­тық негізін қалады. Осынау тарихи құжат­та елдің бос­тандығы, аумақтық тұтастығы, эконо­микалық мүддесі, халықаралық аренадағы орны заңмен шегеленді. Аумалы-төкпелі кезеңде хатқа түскен Декларация мәтініне бүгінгі биіктен көз жіберсек, оның әр бабынан алысты көздеген көрегендікті байқаймыз.

Құжаттың 1-бабында Қазақ КСР-і егемен мемлекет деп та­ны­лып, одақтық қатынастарды өз еркімен жүргізу немесе жүр­гізбеу құқығы айқындалды. Жалпы, КСРО Конституция­сы­ның 72-бабында одақтас респуб­ликалардың Одақ құрамынан шығу құқығы бұрын да жазылған. Бірақ іс жүзінде оған бөгет бола­тын кедергі өте көп еді. Декла­рация бұл тетікті нақты орын­далатын деңгейде орнықтырды. 3-бапта Қазақ КСР территориясы бөлiнбейтіні және жерге қол сұғылмайтыны кесіп айтылса, 6-бапта саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени даму бағыт­ын республиканың өзі шешуіне құқық берілді.

Егемендікті бекіткен пәрмен­ді тетіктің бірі – 8-бап. Онда елдің егемендік құқықтарына қайшы келетін одақтық заңдар­дың күшін республика аумағында тоқтату құқығы белгіленді. 15-бапта республиканың ішкі саясатына сырттан араласу «мем­лекеттік егемендікті бұзу» деп бағаланды. Яғни мейманасы тасыған метрополияның үстем­дігіне тосқауыл қойылып, Қазақ КСР-інің дербестігі бекемделді.

4-бапта мемлекеттік биліктің бірден-бір иесі халық екені тасқа басқандай таңбаланып, маркс­тік-лениндік пролетариат дик­татурасы тарих қойнауына сіңіп жоғалды. 5-бапта азаматтарды партиялық, әлеуметтік, ұлттық, діни ерекшелігіне қарай алаламау қағидаты жарияланды. 7-бапта мемлекеттік билік заң шығару­шы, атқарушы һәм сот тармақ­тарына алғаш рет ресми жік­тел­ді. Бұл нормалар плюрализмге жол ашып, компартияның 70 жыл бойы мызғымай тұрған монопо­лиясын қиратып тастады.

Декларацияның 9, 10 және 11-баптарында елдің саяси еге­мендігі экономикалық дербес­тікпен, экологиялық қауіпсіз­дік­пен ұштасты. Өйткені өз жері­не, өз ресурсына өзі иелік ете алмай­тын, өз қаржысын өзі басқара ал­майтын қауымның тәуелсіздігі қағаз күйінде қалатыны белгілі еді. Мәселен, 9-бапта жердің асты-үсті, суы, әуе кеңістігі, жан-жан­уар, өсімдіктер әлемі, барлық табиғи байлығы, тарихи-мәдени қазынамыз, экономи­ка­лық, ғылыми-техникалық әлеу­етіміз республиканың айрықша меншігі делінді. Сонымен қатар азаматтардың меншік құқығы мойындалып, КСРО-ның мем­лекеттік меншікке ғана арқа сүйе­ген жоспарлы жүйесі бір­жола күйреп, жаңадан нарықтық қатынастар қалыптасты.

10-бапта Қазақ КСР-нің мемлекеттік банкін, бюджетін, салық және кеден саласын құру құқығы қамтылды. Осы қағидат­тар экономикада өз мүддемізге сай шешімдер қабылдауға көмектесті.

11-бап экологиялық қауіпсіз­дік мәселесін бірінші орынға шығарды. Мұнда республика аумағында ядролық қаруларды сынауға түбегейлі тыйым салын­ды. Семей полигонынан әбден аузы күйген Қазақстан үшін бұл кезек күттірмейтін жұмыс еді.

Декларацияда қазақтың ана тілін, салт-дәстүрін дамыту мем­лекеттік деңгейдегі міндет ретін­де жүктелді. Құжаттың кіріспесі «қазақ ұлтының тағдыры үшін жоғары жауапкершілікті ұғына отырып» деген батыл сөйлеммен басталып, 2-бапта Қазақ КСР-і өз ұлттық мемлекеттігін сақтау, қорғау және нығайту бағытында нақты шаралар қабылдайтыны анық жазылды.

                                                                    Қазақ КСР Жоғарғы Советінің екінші сессиясында

12-бапта шетелдегі қазақ­тардың мәдени, рухани, тілдік қажеттіліктеріне қамқорлық жасау жағы қарастырылды. Осы норма сырттағы қандастармен тығыз байланыс орнатуға сеп­ті­гін тигізді. Әрине, Қазақстан аумағын мекендейтін өзге этнос­тардың тең құқығын қорғау қағи­дасы да қатаң ескерілді.

Ең бастысы, 1990 жылғы Дек­ларация кейінгі мемлекет құру жұмысын құқықтық тұр­ғыда негіздеп берді. Республика жекеменшік, банк жүйесі, мем­ле­кеттік басқару, сыртқы байла­ныстар, ұлттық қауіпсіздік сала­ларында дербестігін біртін­деп ұлғайтуға кірісті. 1991 жылы Се­мей ядролық полигоны жа­бы­л­ы­п, республиканың экономи­калық, дипломатиялық қатынас­тары кеңейді. 1993 жылы ұлттық валютамыз қолданысқа қосыл­ды.

1991 жылғы 1 желтоқсанда Қа­зақстанда тұңғыш жалпы­ха­лықтық Президент сайлауы өтті. Сол жылдың 10 желтоқсанында елдің атауы Қазақстан Респуб­ликасы болып өзгертілді. 1991 жы­лғы 16 желтоқсанда «ҚР мем­лекеттік тәуелсіздігі туралы» конс­титуциялық заң қабыл­данды. Осы заңның 18-бабында «жаңа Конституцияны әзірлеуде Егемендік Декларациясы бас­шы­лыққа алынады» деп ашып көрсетілді. Бұл сабақтастық Декларацияның тарихи мәнін айғақтайды. Қысқасы, 1990 жыл­ғы құжат егемендіктің ұстын­дарын түсіндірсе, 1991 жылғы конституциялық заң Қазақ­станның мемлекеттік тәуелсіз­дігін толық заңдастырды.

Декларацияда бекітілген аумақтық тұтастық, халық еге­мен­дігі, билікті бөлу, эконо­ми­калық дербестік, сыртқы саясат жүргізу құқығы тәрізді тармақтар Қазақстанның бүгінгі Консти­туциясына да кіргізіліп, олардың мазмұны жаңа заманда жаң­ғырып жатыр.

Мысалы, биыл 1 шілдеде күші­не енген Конституцияның 2-бабында егемендік пен аумақ­тық тұтастық қағидаттары көрін­іс тапқан. Бұл Декларацияның 1 және 3-баптарында айтылған идеялардың жаңа жағдайдағы заң­ды жалғасы десек, еш қате­лес­пейміз.

                         «Қазақ КСР Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация жобасын дайындау жөніндегі                                                                       комиссия төрағасы Салық Зиманов

Халық егемендігі қағидаты да маңызын жойған жоқ. Жаңа Конс­титуцияның 4-бабында Қазақ­стан халқы мемлекеттік билік­тің бірден-бір бастауы әрі егемендік иесі деп танылған. Халық билікті референдум мен сайлау арқылы тікелей де, жанама жолмен де жүзеге асыра­ды. Сондай-ақ жаңа Консти­ту­ция биліктің заң шығарушы, атқарушы, сот тармақтарына бөлінуін бекітіп, 1990 жылғы қағи­датты қазіргі мемлекеттік жүйенің темірқазығына айнал­дырды.

Құқықтық үстемдік мәселе­сінде де айқын байланыс бар. Дек­ларацияның 8-бабы респуб­ликаның егемендік құқықтары мен Конституциясын қорғауға бағытталса, жаңа Конститу­ция­ның 5-бабында Ата заңның ең жоғары заңдық күші ескертілген.

Экономикалық егемендікке, табиғи ресурстарға қатысты қағи­даттар да жаңа мазмұнмен байыды. Декларацияның 9-ба­бында табиғи байлықтар рес­публиканың ерекше меншігі делінсе, жаңа Конституцияның 8-бабында жер мен жер қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурс­тар халыққа тиесілі екені жазыл­ған.

Жаңа Конституцияның кіріс­песінде біртұтас Қазақстан халқы, этносаралық, конфес­сия­аралық татулық, мәдениет, білім құндылықтары аталады. 9-бапта қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде айқындалып, Қазақстан халқы­ның тілдерін дамыту мемлекеттің мін­деті ретінде белгіленген. Бұл – Декларациядағы ұлттық мәдениетті жаңғырту, азамат­тар­дың теңдігін қамтамасыз ету қағидасының бүгінгі көрінісі.

Әрине, 1990 жылғы Дек­ла­рация одақтас республика ке­зінде қабылданды, сондықтан кейбір ережесі сол дәуірдің сая­си-құқықтық шындығына ба­ғын­ды. Ал Тәуелсіз Қазақстан­ның конституциялық құрылысы бертінгі реформалардың арқа­сын­да біршама жаңарған. Енде­ше Декларацияны қазіргі конс­ти­туциялық жүйенің дайын үл­гісі деп емес, оның басты қа­ғи­дат­тарына қалыптастырған негізгі құжат деп бағалауымыз керек.

Еркебұлан НҰРЕКЕШ