Ғалымдар 160 миллион жыл бұрын тіршілік еткен теңіз жануарының жаңа түрін тапты

Кальмарға ұқсайтын ежелгі тіршілік иесінің қалдықтары Вайоминг штатынан табылған.

АҚШ-та ғалымдар шамамен 160 миллион жыл бұрын тіршілік еткен теңіз жануарының бұрын белгісіз түрін анықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Кальмарға ұқсайтын ежелгі тіршілік иесінің қалдықтары Вайоминг штатынан табылған.

Ғалымдар жаңа түрге Wyoteuthis linsterorum деген атау берді. Ол юра дәуірінде тіршілік еткен белемниттер тобына жатады. Бұл жануарлар қазіргі кальмарлар мен сегізаяқтардың ежелгі туыстары саналады.

Зерттеушілер Вайомингтегі Санданс геологиялық қабатынан екі қазба қалдығын тапқан. Олардың ерекшелігі – жануардың ішкі қаңқасы өзге белемниттерге қарағанда әлдеқайда жуан болған. Сақталған бөлігінің ұзындығы шамамен 10 сантиметр, ал ені 6 сантиметрге жетеді.

Ғалымдардың болжамынша, жануардың жалпы ұзындығы 60 сантиметрге жуық болуы мүмкін. Дегенмен оның дене пішіні ерекше болғандықтан, нақты өлшемін анықтау қиын.

Бүгінде Вайоминг құрлықтың ортасында орналасқанымен, 160 миллион жыл бұрын бұл аумақты ежелгі Санданс теңізі алып жатқан. Сол кезеңде мұнда түрлі теңіз жануарлары тіршілік еткен.

Жаңалықтың тағы бір маңызды тұсы бар. Бұған дейін ғалымдар Wyoteuthis linsterorum жататын эволюциялық топтың әлдеқайда ерте кезеңде жойылып кеткенін болжаған. Жаңа қазба бұл жануарлардың кейбір өкілдері бұрын ойлағаннан ұзақ өмір сүргенін көрсетеді.

Зерттеу нәтижелері Papers in Palaeontology ғылыми журналында жарияланды. Ғалымдардың пікірінше, бұл жаңалық ежелгі теңіз жануарларының таралу аймағы мен эволюциялық тарихын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.