Бестөбеде заңсыз алтын іздеген 13 адам ұсталды: арнайы жасақ аспанға оқ атты

Соңғы уақытта қайғылы оқиғалардан көз ашпаған Бестөбе кентінде заңсыз алтын өндіруге қарсы жедел-профилактикалық ісшара жүргізілді.

Ақмола облысының Бестөбе кентіндегі карьерлердің бірінде заңсыз алтын өндірумен айналысқан 13 адам ұсталды. Құқық қорғау органдарының заңды талабына бағынбаған топты тоқтату үшін арнайы жасақ аспанға ескерту оғын атуға мәжбүр болған, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Соңғы уақытта қайғылы оқиғалардан көз ашпаған Бестөбе кентінде заңсыз алтын өндіруге қарсы жедел-профилактикалық ісшара жүргізілді. Алайда карьер аумағында жүрген алтын іздеушілер полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбай, қарсылық көрсеткен.

Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, құқыққа қайшы әрекеттердің жолын кесіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін арнайы жедел әрекет ету жасағы аспанға ескерту оғын атқан. Осыдан кейін тәртіп сақшылары 13 адамды құрықтаған.

— Құқыққа қайшы әрекеттердің жолын кесу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында арнайы жасақ қызметкерлері аспанға ескерту оғын атты. Осыдан кейін құқық бұзушылар ұсталды. Барлығы 13 адам қолға түсіп, олардың бәрі заңға сәйкес жауапкершілікке тартылды, - дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Полицияның мәліметінше, Ақмола облысында бағалы металдарды заңсыз өндіру фактілерінің жолын кесу жұмыстары жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдарының заңды талаптарына бағынбау мен өзге де заңға қайшы әрекеттерге заң аясында тосқауыл қойылады.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы