Танымал адвокат Ғабит Өмірбек қайтыс болды

Қаралы хабарды журналист Ирина Советжан әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Қазақстанда бірқатар атышулы істер бойынша жәбірленушілердің құқығын қорғаған белгілі адвокат Ғабит Өмірбек өмірден өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қаралы хабарды журналист Ирина Советжан әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Журналистің айтуынша, адвокаттың қайтыс болғанын оған марқұмның әпкесі хабарлаған.

– Құдайым-ай, сене алар емеспін… Ғабит досымыздан айырылып қалдық. Жаңа ғана әпкесі хабарласып айтты. Жап-жас еді, қаншама арман-мақсаты бар еді. Ол батыл заңгер, мықты маман, өте жақсы азамат еді. Сюжеттерімнің қаншама кейіпкеріне тегін көмек көрсетіп, «Қандай көмек керек?» деп жанашырлық танытып жүгіріп жүретін өте жақсы адам еді, – деп жазды Ирина Советжан.

Ғабит Өмірбек қоғамда қызу талқыланған қылмыстық және азаматтық істерге қатысуымен танылған. Атап айтқанда, ол Отардағы әскери бөлімде әлімжеттік көрген сарбаз Есбол Қапардың ісімен айналысқан. Сондай-ақ жол-көлік оқиғалары мен алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарға құқықтық көмек көрсеткен.

Марқұм «Lawyer 888» халықаралық заңгерлік компаниясының бас директоры қызметін атқарған. Бұған дейін прокуратура органдарында сегіз жыл жұмыс істеген. Қазақстанның «Құрметті заңгері» атағына ие болған.

Адвокат әлеуметтік желілерде құқық қорғау органдарының жұмысына қатысты мәселелерді жиі көтеріп, азаматтардың заңды мүдделерін қорғауға бағытталған бейнеүндеулер жариялап жүрген.