Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Грузия Премьер-министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мака Бочоришвилидің шақыруымен Орталық Азия елдері мен Грузия сыртқы істер министрлерінің кездесуіне қатысты.
Кездесу барысында алты мемлекет арасындағыынтымақтастықтың негізгі мәселелері және өңірлік күн тәртібі бойынша ұстанымдардың жақындығына немесе толық сәйкес келуіне негізделген өзара іс-қимылына жоғары баға берілді.
Сыртқы саяси ведомство басшылары тұрақтылықты қамтамасыз ету, орнықты даму және өңіраралық ынтымақтастықты кеңейту жолындағы ортақ мүдделерін біріктіретін мемлекеттердің өзара іс-қимыл әлеуетін атап өтті. Практикалық шешімдер әзірлеу және бірлескен бастамаларды ілгерілету үшін тұрақты диалог жүргізудің маңыздылығы баса аталды.
Азия мен Еуропаны байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік бағытын - Орта дәлізді дамытуға ерекше назар аударылды. Инфрақұрылымды жаңғырту, жүк тасымалын цифрландыру және транзиттік рәсімдерді жеңілдету арқылы оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мүмкіндіктері талқыланды.
Қазақстан тарапы Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдың көлік-транзиттік әлеуетін толық іске асыру үшін келісілген іс-қимылдың маңыздылығына назар аударды. Тұрақты әрі болжамды логистикалық байланыстарды дамыту өзара сауда көлемін ұлғайтуға, инвестициялар тартуға және сыртқы нарықтарға шығуға қосымша мүмкіндіктер тудырады.
Сапар аясында М. Тілеуберді әріптестерімен бірге Қазақстанның Грузиядағы активі әрі Транскаспий халықаралық көлік бағытының негізгі буындарының бірі болып табылатын Батуми теңіз портының әлеуетімен танысты.