24 қазанда Ресейдің Омбы қаласына ұшқышсыз ұшу аппараттары шабуыл жасап, Ozon компаниясының логистикалық орталығында өрт шықты. Сондай-ақ «Омский каучук» химия зауытына соққы жасалғаны хабарланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz UNIAN агенттігіне сілтеме жасап.
Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко ұшқышсыз ұшу аппараттарының қаланың солтүстігіндегі өнеркәсіптік аймаққа жеткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметі жіберілген.
Украиналық және ресейлік Telegram арналары шабуыл кезінде «Омский каучук» химия зауытының аумағында ірі өрт шыққанын хабарлады. Бұл кәсіпорын синтетикалық каучук, фенол, ацетон және басқа да химиялық өнімдер өндіреді. Алайда зауытқа жасалған соққы туралы ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Сонымен қатар Ozon компаниясы Омбыдағы логистикалық орталығына дрон шабуылы жасалғанын растады. Компания мәліметінше, қызметкерлер дер кезінде эвакуацияланған. Алдын ала ақпарат бойынша зардап шеккендер жоқ.
Өрт салдарынан логистикалық орталыққа тауар қабылдау уақытша тоқтатылып, жеткізу бағыттары басқа қоймаларға ауыстырылған.