Атырауда департамент басшысының мәйіті пәтерінен табылды

Атырау облысында әлеуметтік қорғау саласындағы департамент басшысы Бауыржан Асаинов өлі табылды.

Оның мәйіті 18 қазанда өзі тұрған пәтерден анықталған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты «Ақжайық» басылымына сілтеме жасап.

Басылымның мәліметінше, марқұмның денесі пәтерде шамамен екі апта жатқан болуы мүмкін. Осы уақыт аралығында үйге жылу берілгендіктен, мәйіттің өзгеріске ұшырауы өлім себебін анықтауды қиындатуы ықтимал.

Ақпарат көздері Бауыржан Асаиновтың өліміне дейін ағасымен жанжалдасуы мүмкін екенін хабарлаған. Болжам бойынша, екеуі бірге ішімдік ішкеннен кейін сөзге келіп, төбелес болған. Алайда бұл мәліметтер ресми түрде расталмаған. Оқиғаның нақты мән-жайы мен ер адамның өліміне не себеп болғаны әзірге белгісіз.

Бауыржан Асаиновтың қайтыс болғанын әріптестері растады. Ведомствоның ресми парақшасында марқұмның жақындарына көңіл айту жазбасы жарияланды.

Бауыржан Асаинов 2023 жылғы 4 қаңтардан бастап Атырау облысы бойынша Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаментін басқарған. Бұған дейін прокуратурада, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде және Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде жұмыс істеген. Сондай-ақ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ішкі қауіпсіздік басқармасын басқарған.