Түнде телефонға жарты сағат қарау ұйқыны 13 минутқа қысқартады – зерттеу

Ғалымдар телефонды ұйықтар алдындағы соңғы минуттарда пайдаланудың да әсерін байқаған. Әсіресе ұйқыға кетерден бес минут бұрын смартфон қараған жасөспірімдердің алғашқы жарты сағатта жиірек оянатыны белгілі болды.

Ұйықтар алдында телефон қарау жасөспірімдердің ұйқысына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. АҚШ ғалымдары жүргізген жаңа зерттеу түнгі уақытта смартфонды небәрі жарты сағат артық пайдалану ұйқы ұзақтығын шамамен 13 минутқа қысқартатынын көрсетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

JAMA Pediatrics ғылыми журналында 19 қазанда жарияланған зерттеуге 425 жасөспірім қатысқан. Олардың орташа жасы 14,8 жасты құрады. Ғалымдар арнайы қосымша арқылы қатысушылардың смартфонды қанша уақыт пайдаланғанын бақылап, фитнес-білезіктер көмегімен ұйқы ұзақтығын өлшеген. Жалпы 7591 түнге қатысты мәлімет талданған.

Зерттеу нәтижесінде кешкі сағат 22:00-ден кейін телефонды әдеттегіден 30 минут артық пайдаланған жасөспірімдердің шамамен 26 минут кеш ұйықтап, 11 минут кеш оянатыны анықталды. Соның салдарынан олардың түнгі ұйқысы орта есеппен 13 минутқа қысқарған.

Ғалымдар телефонды ұйықтар алдындағы соңғы минуттарда пайдаланудың да әсерін байқаған. Әсіресе ұйқыға кетерден бес минут бұрын смартфон қараған жасөспірімдердің алғашқы жарты сағатта жиірек оянатыны белгілі болды.

Мамандардың түсіндіруінше, әлеуметтік желілердегі жазбалар, бейнежазбалар, хабарламалар мен экран жарығы адамның сергек жүруіне ықпал етуі мүмкін. Соның салдарынан ұйықтау қиындап, ағзаның қалыпты тынығу тәртібі бұзылады.

Зерттеушілер түнгі уақытта телефон қолдану ұзақтығы ғана емес, оны қай кезде пайдаланатынымыз да маңызды екенін атап өтті. Әсіресе ұйықтар алдында смартфоннан бас тарту ұйқы сапасын жақсартуға көмектесуі мүмкін.

Дегенмен зерттеу телефон қолдану мен ұйқының бұзылуы арасындағы байланысты анықтағанымен, смартфонның барлық жағдайда ұйқысыздыққа тікелей себеп болатынын дәлелдемейді. Сондай-ақ зерттеу жасөспірімдер арасында жүргізілгендіктен, оның нәтижесін барлық жас тобына бірдей қолдануға болмайды.