Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров 2026/27 маусымындағы Гран-при сериясының Францияның Анже қаласында өткен алғашқы кезеңіндегі жарысын аяқтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Екі күнге созылған жарыста отандасымыз 206,55 ұпай жинап, оныншы орынға тұрақтады.
Қысқа бағдарламада Михаил Шайдоров төртінші нәтиже көрсеткен еді. Алайда еркін бағдарламада 11-орынға ие болып, жалпы есепте үздік бестіктегі орнын сақтап қала алмады.
284,24 ұпай жинаған Франция өкілі Адам Сяо Хим Фа жеңімпаз атанды. Жапония спортшысы Као Миура 247,96 ұпаймен күміс жүлдеге ие болса, Оңтүстік Корея өкілі Минкю Со 244,90 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.
Айта кеткен жөн, Франциядағы жарыс 2026/27 жылғы маусымда өтетін Гран-при сериясының алты кезеңінің алғашқысы болды.