Қазақстанда кредиті бар азаматтардың шотында 101 мың теңге қалуы керек

Бұл талап банк қарызды төлем талабы арқылы өндіріп алған жағдайда қолданылады.

Қазақстанда мерзімі өткен кредит берешегін өндіріп алу кезінде банктер қарыз алушының шотында кемінде 101 702 теңге қалдыруға міндетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл талап банк қарызды төлем талабы арқылы өндіріп алған жағдайда қолданылады.

Ұлттық банктің мәліметінше, мұндай жағдайда қаржы ұйымдары азаматтың шотындағы ақшаның 50 пайызынан артығын ұстай алмайды. Сонымен қатар қарыз алушының күнделікті қажеттілігіне жұмсайтын қаражаты сақталуы тиіс. 2026 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 851 теңге болғандықтан, қорғалатын сома 101 702 теңгені құрайды. Мәселен, азаматтың бір банктегі ағымдағы шоттарында 150 мың теңге болса, банк оның ең көбі 48 298 теңгесін ғана қарызды өтеуге ұстай алады. Қалған ақша азаматтың өзінде қалады. Бұл ретте қорғалатын сома әр шотқа жеке есептелмейді, бір банктегі барлық ағымдағы шоттың жиынтық қалдығы ескеріледі.

Дегенмен аталған талап берешекті өндіріп алудың барлық түріне қатысты емес. Егер қарыз сот орындаушысының инкассолық өкімі арқылы өндірілсе, басқа тәртіп қолданылады. Мұндай жағдайда банк шотында міндетті түрде 101 702 теңге қалдыру талабы жүрмейді. Ал жалақыдан немесе басқа да кейбір кірістерден қарыз ұсталса, азаматқа табысының кемінде жартысы қалуы тиіс. Сонымен бірге қалған қаражат бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем болмауы керек. Бұл талаптар азаматтың банктегі ағымдағы шотында бұрыннан жатқан ақшаға автоматты түрде қолданылмайды.

Сондай-ақ 101 702 теңгені сақтау талабы депозиттерге жүрмейді. Жаңа тәртіп қарыз алушыны кредитін өтеу міндетінен босатпайды. Егер банк шоттан белгіленген мөлшерден артық ақша ұстаса, азамат алдымен қаржы ұйымына жүгініп, операцияның қандай негізде жүргізілгенін анықтай алады. Мәселе шешілмеген жағдайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағымдануға құқылы.