Балалар емес, ересектер шығармашылыққа қабілеттірек болып шықты – зерттеу

Бірақ үлкендер өз идеяларына күмәнмен қарап, оларды жүзеге асыруға жиі жүрексінеді.

Ғалымдар ересек адамдардың шығармашылық қабілеті балаларға қарағанда жоғары болуы мүмкін екенін анықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Австриядағы Грац университетінің ғалымдары Бельгия мен АҚШ-тағы әріптестерімен бірлесіп, адамның шығармашылық қабілеті жас ұлғайған сайын қалай өзгеретінін зерттеген. Зерттеуге 4 пен 7 жас аралығындағы 92 бала және негізінен жиырма жастағы 70 ересек адам қатысқан. Оларға қаңылтыр ыдысты пайдаланудың ерекше жолдарын ұсыну, еркін тақырыпта сурет салу және қиялдағы жануарды ойлап табу тапсырылған. Кейін мамандар қатысушылардың жұмыстарын ерекшелігі, пайдалылығы және шығармашылық деңгейі бойынша бағалаған.

Нәтижесінде ересектердің идеялары балалардікіне қарағанда тың әрі мазмұнды болып шыққан. Әсіресе тапсырманың мақсаты мен уақыты нақты белгіленген жағдайда үлкендер жақсы нәтиже көрсеткен. Бірақ балалар өз қабілетіне көбірек сенген, тапсырмаларды қызығушылықпен орындаған және қателесуден қорықпаған. Ал ересектер нәтижеге шамадан тыс мән беріп, кейбір ерекше идеяларын жүзеге асырмай тұрып-ақ қабылдамай тастаған.

Зерттеу авторларының бірі Матиас Бенедектің түсіндіруінше, балалар шығармашылық тапсырмаларды ойын ретінде қабылдайды. Олар жаңа нәрсені байқап көруге құмар және сәтсіздіктен аса қорықпайды. Ересектер болса, өз жұмысының қаншалықты жақсы шығатынын алдын ала ойлап, кейде өз мүмкіндігін шектейді. Ғалымдар шығармашылық қабілет жас ұлғайған сайын міндетті түрде төмендейді деген пікірмен келіспейді. Дегенмен зерттеуге қатысушылардың жас ерекшелігі мен саны шектеулі болғандықтан, бұл қорытындыны барлық адамға бірдей қолдануға болмайтынын ескертеді.