«Мен ешқашан кешірім сұрамаймын»: Бақыт Тұрман өзін сынағандарға жауап берді

Оның «Салақтықтан бала тумаңыздар» деген сөзі көпшіліктің наразылығын тудырған.

Әнші Бақыт Тұрман бала тәрбиесіне қатысты айтқан пікірінен кейін әлеуметтік желіде сынға қалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оның «Салақтықтан бала тумаңыздар» деген сөзі көпшіліктің наразылығын тудырған. Әнші өзіне айтылған сынға жауап беріп, бұл сөзі үшін кешірім сұрамайтынын мәлімдеді.

Бақыт Тұрман әлеуметтік желідегі парақшасында айтқан сөзінің мәнін түсіндірді. Оның айтуынша, бұл пікір балалы болуға қарсы бағытталмаған. Әнші отбасын құру мен бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау қажеттігін жеткізгісі келгенін атап өтті.

«Уайымдамаңыз! Мен де 5 бала туған анамын! Мен де білемін оның ауырлығын, қиындылығын, оған қоса қызығын да! Егер ахуалың жетіп, қалауың, денсаулығың жетіп, ерің жаныңда болып тусаң, ол – бір бақыт! Мәселе ойсыз, сенімсіз, қандай адамнан туып жатқанын танымай туғандар туралы!» – деп жазды әнші.

Ол көпшілікті сұхбаттың толық нұсқасын көруге шақырған. Оның сөзінше, айтылған пікір қазір баласы бар аналарға емес, болашақта ата-ана болуды жоспарлап жүрген адамдарға арналған.

«Бұл әңгіме сол туралы! Бұл әңгіме туып тастағандарға емес, енді туатындарға арналған! Өзіңізге сенімсіздік емес, ақыл қосыңыз!» – деді ол.

Бақыт Тұрман қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты пікір білдіруді жалғастыратынын да жеткізді. Әнші мұны өнер адамы ретінде емес, ел азаматы ретіндегі ұстанымы деп түсіндірді.

«Мен ешқашан бос сөз айтпаймын. Және өз парақшамда қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп жүремін. Мақтайтын жерде мақтап, ұнамайтын жерде айтамын. Мен оны әнші ретінде емес, мен жай ғана осы елдің азаматы ретінде, қоғамда жүрген, көзім көріп, құлағым естіп, жүрегім сезіп жүрген дүниелерді айтуға тырысамын», – деді әнші.

Сондай-ақ ол өзгенің жеке өміріне араласпайтынын айтып, пікірінен бас тартпайтынын мәлімдеді.

«Мен ешқашан өзімнің сөзім үшін кешірім сұрамаймын. Өйткені ол менің өз ойым. Мен ешкімді балағаттамаймын, ешкімнің жеке өміріне өтпеймін», – деп түйіндеді Бақыт Тұрман.