«Әділет» партиясы «Біздің қала» жобасы аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы заңнамаға түзетулер әзірлеуде

«Әділет» партиясынан сайланған Құрылтай депутаты Екатерина Смышляева тұрғын үй қорын басқару саласының өкілдерімен кездесті.

«Әділет» партиясы «Біздің қала» жобасы аясында көппәтерлі үйлерді басқарудағы түйіткілдерді шешу үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы заңнамаға түзетулер әзірлеуде, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Атап айтқанда, мүлік иелері бірлестіктерінің (МИБ) төрағаларын ауыстыру, меншік иелерінің деректеріне қол жеткізу, жиналыстар өткізу мен дауыс беру тәртібі, сондай-ақ коммуналдық ресурстарды тұтынуды есепке алатын үйге ортақ құралдардың жұмысына қатысты мәселелер қарастырылуда. Заңнамалық өзгерістерді 2027 жылдың соңына дейін қабылдау көзделген.

«Әділет» партиясынан сайланған Құрылтай депутаты Екатерина Смышляева тұрғын үй қорын басқару саласының өкілдерімен кездесті. Жиынға мүлік иелері бірлестіктерінің (МИБ), пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК), басқарушы компаниялар мен кәсіби қауымдастықтардың, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының өкілдері қатысты. Олар көппәтерлі үйлерді басқарудағы өзекті мәселелерді талқылап, қолданыстағы заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстарын ортаға салды.

Қазақстанда 60 мыңнан астам көппәтерлі үй бар. Олардың 14 мыңнан астамы күрделі жөндеуді қажет етеді. Екатерина Смышляеваның айтуынша, әр үйдің өзіндік ерекшеліктері бар, сондықтан оларды басқару кезінде түрлі қиындықтар туындайды. Кейбір мәселелерді шешу үшін қолданыстағы заңнаманы жетілдіру қажет.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» заң қоғамдағы өзгерістерге сай жетілдіріліп отыруы тиіс. Өйткені күнделікті тәжірибеде заңнамада ескерілмеген жаңа мәселелер туындайды. Оларға дер кезінде назар аударылмаса, қолданыстағы нормалардың тиімділігі төмендейді. Сондықтан біздің міндетіміз – сала мамандары мен көппәтерлі үй тұрғындарының пікірін тыңдап, туындаған мәселелерді шешу. Қажет болған жағдайда заңнамаға өзгерістер енгізіп, партиялық бақылау тетіктерін пайдалану», – деді Екатерина Смышляева.

Кездесуде көтерілген негізгі мәселелердің бірі – мүлік иелері бірлестіктерінің (МИБ) төрағаларын ауыстыру тәртібі. Бұрынғы төраға қажетті құжаттарға қол қоюдан немесе оларды жаңадан сайланған төрағаға тапсырудан бас тартқан жағдайда, жаңа басшы өз міндетін толық атқара алмайды. Сондықтан мұндай кедергілерді жою үшін құжаттарды тапсыру мен өкілеттіктерді беру тәртібін заң жүзінде нақтылау ұсынылды. Бұл төрағаларды ауыстыру рәсімін жеңілдетіп, бірлестік жұмысының тоқтап қалмауына мүмкіндік береді.

Кездесуде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын цифрландыру және меншік иелерінің деректеріне қол жеткізу мәселелері де талқыланды. Апат немесе төтенше жағдай кезінде үй басқарушылары тұрғындармен жедел байланыса алуы тиіс. Ол үшін тұрғындардың байланыс деректерін уақытылы жаңартып, оларды қауіпсіз пайдалану тәртібін белгілеу ұсынылды. Бұл ретте жеке мәліметтердің таралуына және заңсыз пайдаланылуына жол бермеу көзделген.

Сонымен қатар меншік иелерінің жиналыстары мен дауыс беруін өткізу, шешім қабылдау кезінде меншік құқығын растау, МИБ-тің банктермен және мемлекеттік ақпараттық жүйелермен өзара іс-қимылы, сондай-ақ үйге ортақ есептеу құралдарының жұмысы қаралды. Қатысушылар нақтылауды қажет ететін ережелерді талқылап, меншік иелері мен үй басқарушыларының күнделікті жұмысын жеңілдету жолдарын ұсынды.

«Көппәтерлі үйлерді басқару саласында шешімін табуы тиіс бірқатар мәселе бар. Мәселен, бұрынғы төраға жаңа басшыны тіркеу үшін электрондық цифрлық қолтаңбасын бермеуі мүмкін. Ал меншік иелері туралы мәліметтердің ескіріп қалуы олармен байланыс орнатуды қиындатады. Бүгін осы мәселелерді жан-жақты талқылап, оларды шешу жолдары мен мерзімдерін айқындадық», – деді «Шаңырақ» қауымдастығының атқарушы директоры Чинара Мамбеталиева.

Заңнамалық түзетулерді әзірлеу барысында сала өкілдерінің ұсыныстары мен көппәтерлі үйлерді басқару тәжірибесі ескеріледі. Жаңа нормалар қолданыстағы заңнамадағы олқылықтарды жойып, ұйымдастыру мәселелерін шешуді жеңілдетеді және меншік иелері үшін үйлерді басқару тәртібін түсінікті әрі тиімді етеді деп күтілуде.

 «Біздің қала» жобасы аясында «Әділет» партиясы 7,5 мың адамның қатысуымен 20 өңірлік форум өткізіп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы өзекті мәселелерді шешуге қатысты 200-ге жуық ұсыныс жинады. Жоба нәтижесінде тұрғындарды толғандырған 89 мәселе шешімін тапты. Сондай-ақ азаматтарға кеңес беру және МИБ пен ПИК төрағаларына қолдау көрсету үшін 11 фронт-офис пен 11 байланыс орталығы ашылды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.