26 қазанда Алматыда Әміре Қашаубаев атындағы республикалық дәстүрлі ән орындаушылар байқауының ашылу рәсімі мен бірінші кезеңі өтті. Байқауды Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы ұйымдастырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Республикалық байқау Әміре Қашаубаевтың шығармашылық мұрасын дәріптеуге, дәстүрлі ән өнерін дамытуға және жас орындаушыларды қолдауға бағытталған. Сондай-ақ Біржан сал, Ақан сері, Естай, Мұхит секілді халық композиторларының асыл мұрасын қайта жаңғырту көзделген.
Байқауға 41 өтінім түсті. Іріктеу қорытындысы бойынша республикалық кезеңге 20-35 жас аралығындағы 22 әнші жолдама алды. Іс-шараның ашылуы қарсаңында қатысушылардың сахнаға шығу кезегі жеребе арқылы анықталды.
Байқау екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде қатысушылар орындаушылық шеберлігін, өзіндік ән айту мәнерін және дәстүрлі ән мектептерінің ерекшеліктерін қаншалықты меңгергенін көрсетеді.
Қатысушылардың өнерін әншілер мен бейінді оқу орындарының оқытушыларынан құралған қазылар алқасы бағалайды. Олардың қатарында Жақсыкелді Кемалов, Қайрат Кәкімов, Нұржан Жанпейісов, Шолпан Даржан және Гүлмира Сарина бар.
Байқау 27 қазанда аяқталады. Сағат 19:00-де іс-шараның жабылу салтанаты өтіп, жеңімпаздар марапатталады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.