Мектептерде күзгі демалыс басталды

Күзгі демалыс кезінде балалар отбасымен уақыт өткізіп, кітап оқып, спортпен және шығармашылықпен айналыса алады.

Күзгі демалыс 2026 жылғы 26 қазаннан 1 қарашаға дейін қоса есептегенде жеті күнге созылады. Оқу 2026 жылғы 2 қарашада жалғасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде балалардың қосымша білім алу мүмкіндіктері кеңейіп келеді. 

Қазақстанда 2,9 мыңға жуық қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Өнер және музыка мектептері, оқушылар сарайлары, спорт мектептері мен шығармашылық орталықтар балаларға қызығушылығына сай қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.

Күзгі демалыс кезінде балалар отбасымен уақыт өткізіп, кітап оқып, спортпен және шығармашылықпен айналыса алады. Мектептер балалардың бос уақытын мазмұнды өткізуге арналған шаралар ұсына алады. Оларға қатысу ерікті. Балалардың қызығушылығы мен отбасының жоспары ескерілуі тиіс.

Мұндай шараларды ұйымдастыру педагогтерге қосымша әкімшілік жүктеме түсірмеуі және есептілікті көбейтпеуі тиіс.

Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше,  шаралар ұйымдастырылған жағдайда оларды өткізуге және балалардың қауіпсіздігіне жауапты тұлғалар алдын ала белгіленеді. Балалардың қатысуы ата-аналармен келісіледі. Мектептен тыс шараларда жауапты ересектердің бірге жүруі қамтамасыз етілуі қажет.

«Құрметті ата-аналар! Балаларыңызға үйде, көшеде және интернетте қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызын түсіндіріп, сақ болуды ескертіңіздер», - деді министрліктен.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM  арнасынан табасыз.