Астанада Шымкент қаласының креативті жәрмеңкесі өтті

Екі күнде жәрмеңкеге 3500 адам барып, шығармашылық кәсіп иелері 5 млн теңгеден астам өнімді сатты.

Qazaq Creative Hub алаңында Шымкент қаласының креативті жәрмеңкесі өтті. Креативті индустрияларды дамыту қорының Creative Aimaq жобасы аясында ұйымдастырылған іс-шараға қолөнер шеберлері, дизайнерлер, өнер өкілдері мен инновациялық жоба авторлары қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жәрмеңке шымкенттік шеберлерге өз бұйымдарын қала тұрғындарына таныстырып, сатып алушылар қатарын көбейтуге мүмкіндік берді. Көрмеге ұлттық киімдер, авторлық әшекейлер, кілемдер, қыштан, киізден, теріден және ағаштан жасалған бұйымдар қойылды. 

Көпшілік технологиялық жобаларға да қызығушылық танытты.

Мәдени бағдарламада музыка, театр және анимация өнері қамтылды. «Қаратау» музыкалық ансамблі өнер көрсетіп, Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры Шәмші Қалдаяқов пен Ержан Серікбаевтың шығармашылығына арналған «О, қала!» әдеби-музыкалық спектаклін ұсынды.

Ұлттық мереке қарсаңында өткен жәрмеңкенің екінші күнінде «САҚ» киностудиясының «Айбынды аула», «Тоқты мен Серке» анимациялық туындылары мен «Ахмет» мультфильмі таныстырылды. Сондай-ақ ұлттық әшекей жасау, киізбен жұмыс істеу және құрақ көрпе тігу бойынша шеберлік сабақтары өтті.

Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, екі күнде жәрмеңкеге 3500 адам барып, шығармашылық кәсіп иелері 5 млн теңгеден астам өнімді сатты.

 

Creative Aimaq жобасы өңірлік брендтерді танытуға, креативті кәсіпкерлерді қолдауға және отандық өнімдердің сату нарығын кеңейтуге бағытталған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.