Еліміздің 15 облысында дауылды ескерту жарияланды

Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен бірқатар өңірде тұман басып, қатты жел соғып, жер көктайғақ болуы мүмкін.

«Қазгидромет» бүгінге, 27 қазанға арналған дауылды ескерту жариялап, еліміздің басты үш қаласында, яғни Астана, Алматы, Шымкентте тұман, қатты жел, көктайғақ болады, - деп хабарлайды Aikyn.kz 

Астанада түнде және таңертең тұман түседі. Алматыда түнгі ауа температурасы -1…-3°C-қа дейін төмендеп, өрт қаупі жоғарылайды. Шымкентте де өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.

Алматы және Түркістан облыстарының таулы аймақтарында желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді. Жетісу облысының Алакөл көлдері маңында жел 23-28 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Жамбыл облысының таулы аудандарында да тұман мен қатты жел күтіледі.

Қызылорда облысының шығысы мен орталығында күндіз шаңды дауыл соғып, желдің екпіні 15-20 м/с болады. Қызылорда қаласында да шаңды дауыл күтіледі.

Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында түнде және таңертең тұман түседі. Павлодар облысында түнде жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын жауып, көктайғақ болуы ықтимал.

Атырау және Ұлытау облыстарының кейбір аудандарында, сондай-ақ Қызылорда облысында төтенше өрт қаупі сақталады. Батыс Қазақстан мен Маңғыстау облыстарында да өрт қаупі жоғары.

Синоптиктер тұрғындарға ауа райының қолайсыз құбылыстарын ескеріп, жолда және ашық аумақта сақ болуға кеңес береді.